Ақтау қалалық соты азық-түлік дүкеніндегі кассир әйелге жұдырық жұмсаған ер адамға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Lada басылымының істің материалдарына сілтеме жасап жазуынша, оқиға 13 мамыр күні түнгі сағат 02:31 шамасында болған. Мас күйдегі ер адам дүкенге сыра алу үшін келген, алайда сатушы бас тартқан. Сол үшін ер адам ересек әйелдің бетіне жұдырықпен соққы жасаған.
"Сотталушының кінәсі оның өз мойындауымен, жәбірленуші мен куәгерлердің түсініктемелерімен және бейнебақылау камераларындағы жазбалармен толық дәлелденді. Прокурор М.-ға бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындауды сұрады. Жәбірленуші Б. заңға сәйкес қатаң жаза тағайындауды талап етті. М. өз кінәсін толық мойындап, бас бостандығынан айырмайтын жаза беруді сұрады", – делінген сот хабарламасында.
Сот істі қарау барысында айыпталушыға қатысты жеңілдететін де, ауырлататын да жағдайларды анықтамаған.
"Сотталушы ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 1-бөлігі («Бұзақылық») бойынша кінәлі деп танылып, оған алты ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ", — делінген ресми ақпаратта.