What are you looking for?

Ұлттық банк жанжалды бір мәлімдемесімен елдің ашуын туғызды

18.06.2025

Кейбір азаматтардың пікірінше, ұлттық банктегілер ұлтымыздың ұлы арыстарын "көбелек" құрлы көрмейді, жете қадірлемейді.

Мұра ретінде құнды шақа жинайтын коллекционерлердің және Ұлттық банктің арасында дау туындады. Оған бірнеше себеп бар.

Біріншіден, ҚРҰБ қазақ тарихының төрінен орын алған ардақты тұлғаларға арналған коллекциялық монеталарды өте сирек жасайды, жасағанның өзінде қасақана тым аз тиражбен шығарады. Салдарынан ол ешкімге жетпейді.

Екіншіден, бірқатар нумизматтың шағымдануынша, Ұлттық банктің айналымға жіберетін, алтыннан және басқа бағалы металдан жасалған монеталарының нақты қай күні сатылымға шығарылатынын алдын ала біліп алатын топ бар көрінеді.

Олар шыққан тиражды шыққанша, әп-сәтте сатып алады да, өзгеге көп ештеңе тимейді. Өзге жинақтаушыларға ізінше әлгі делдалдардың қолынан, нарықтан бірнеше есе қымбатқа сатып алуға тура келеді.

"Қазақстанның Ұлттық банкінің халықаралық нарықта кең сұранысқа ие коллекциялық монеталарды өте аз таралыммен шығаруының себебін түсіне алмай-ақ қойдық. Түсіндірмейді де. Бұл – бір. Екіншіден, барлық естелік монеталарды Ұлттық банк тек өзінің интернет-дүкені (kazcoins.nationalbank.kz) арқылы сатады. Монополияландырып алған. Басқаларына сатуға рұқсат жоқ. Салдарынан, оның интернет-дүкенінен монета сатып алу мүмкін емес десем қателеспеспін", – дейді Сергей есімді нумизмат.

Бұған дейін монетарлық реттеуші барлық шығарылымды бірнеше адам түп көтеріп, "оптом" алып кетпеуі үшін жаңа тетік енгізді. Оған сәйкес, алтын-күміс монеталарды – бір қолға тек 2-еуден, басқасын – 10-нан артық сатпайды екен. Алайда мұнда да гәп бар. Сатып алушының тұлғасы оның жеке басын куәландырушы құжаттармен емес, аккаунттармен сәйкестендіріледі екен.

"Содан алыпсатарлар бірден бірнеше аккаунт құрып алған. Ұшқыр интернетінің арқасында, әрі қаптаған аккаунттарының көмегімен саудаға шығарылған тиражды алғашқы минуттарда-ақ өз қалталарына қотарып алады! Оның бәрін соңыра 5–6 есе қымбатқа сатады. Ұлттық банктегілер мұны әдейі жасай ма? Монеталарды аз ауқымда шығару арқылы ол тек алыпсатарлардың қалтасын қампайтады. Бұл жайт қарапайым коллекционерлерді қажытып бітті", – дейді отандық коллекционер Сергей.

Ұлттық банктің бұрынғы басшылары "тым көп таралыммен шығарылса, ондай естелік монетаның нарықтық құны үлкен болмайды" дегенге саятын тұжырымды алға тартып жүрді.

Бірақ нарықта сауданың жүретін-жүрмейтініне Ұлттық банк бас қатырмаса керек-ті, ол оның шаруасы емес. ҚРҰБ-қа қатысты: "Басып шығарған естелік не инвестициялық монетасының нарықтық бағасы 10, тіпті 30 есе көтерілуі керек" деген индикатор-көрсеткіш бекітілмеген, ондай міндет қойылмаған.

Ал, аз таралым арқылы ол нумизматтардың наразылығын өршітеді, әлеуметтік кернеу туғызады және елдің билікке деген сеніміне селкеу түсіреді. Кейбір нумизматтар әлеужеліде "монета шығарудың айналасында "мафия" болуы мүмкін" деген әңгіме айтып жүр.

Өйткені ҰБ интернет-дүкенінен айталық, бір монетаны 200 мың теңгеге сатып алып үлгергендер артынша оны нарыққа 6 миллион теңге бағамен шығаруы мүмкін. "Алыпсатарлар 15 пайыздан артық үстемеақысын қоспасын" деген заң талабы бұл салада жоқ. Бір-екі күннің ішінде 30 еселенетін табысты бұдан басқа бірде бір заңды бизнес, тіпті биткоин де әкеле алмаса керек.

Бұл дау халықаралық деңгейге шықты. ҚР Ұлттық банкінің шетелде танымал монеталарды әдейі шағын көлемде шығаратынын ресейлік белгілі коллекционер Максим Дебёло мәселе етіп көтерді.

"Бертінге дейін ҚРҰБ интернет-дүкенінің жұмысы біз үшін ыңғайлы әрі қолжетімді болатын. 2024 жылғы тамыздан бастап барлығы күрделеніп кетті. Дәл сол кезде белгілі геолог Қаныш Сәтпаевқа арналған монета саудаға шығарылып жатқан еді. Біз ол монетаны коллекциямызға алуға қатты құмарландық, бар күшімізді салдық", – дейді Максим.

Оның айтуынша, Қазақстанның Ұлттық банкі өзі шығарған монеталарды төл интернет-дүкені арқылы шетелдіктерге сатпайды. Сондықтан ресейлік нумизматтар Қазақстандағы туған-туыстарын, тамыр-таныстарын тегіс жұмылдырыпты.

"Сәтпаев ұлықталған монетаны бәрібір ала алмадық. Сорақысы сол, қазақстандықтар да біздің тапсырысымызбен кейінгі жаңа монеталарға қол жеткізе алмады. Интернет-дүкендегі сауда басталысымен, бірінші минуттарда бәрі сатылып кетеді. Елдің алдын орап, кімдердің алып жатқаны белгісіз. Артынша бұл монеталар коллекционерлердің түрлі чаттары мен топтарында адам сенбес, ақылға қонбас үстемеақымен қайта саудаға қойылады. Коллекциясына қоспайды екен, бірден қайта саудаға шығарады екен, демек, бұлар коллекционер емес, алыпсатарлар", – деді ресейлік нумизмат.

Ендеше сарапшылардың пікірінше, ұлттық банктегілер бір қолға сатуға қатысты шектеудің дұрыс орындалуын пысықтап, тиімдірек тетіктерді қарастырғаны жөн. Сонда аз тираждың өзі қазіргіден көбірек коллекционердің жинағын толықтыру тілегін қанағаттандырады.

Ұлттық банк бағалы шақаларды неге аз шығаратынына жауап берді.

"ҚРҰБ коллекциялық монеталарының тиражы біздің ішкі нормативтік құжатқа сәйкес анықталады. Ол құжат – ҚР ұлттық валютасының коллекциялық монеталарын айналысқа жіберуді ұйымдастыру және шығарылымның тақырыбын, таралымын және дизайнын анықтау тәртібі деп аталады", – делінген жауапта.

Коллекциялық монеталарды шығару тақырыбында монетаның аты, сериясы, металы, сапасы, салмағы, номиналы және таралымы көрсетіледі. Бұл ақпаратты Ұлттық банктің ресми ресурсында, "Басты бет → Функции → Ұлттық валюта → Монеталар →Коллекциялық монеталарды шығару тақырыбы" бөлімінен табуға болады.

Мысалы, ҚРҰБ 2025 жылы "МЕРКУРИЙ", "ТӘҢІРЛІК КҮНТІЗБЕ", "БАРЫС ІЛБІС", "Киік", "Арқар", "Дуадақ", "Ителгі", "Жылқы", "Мырыш", "МЫСЫРЛЫҚ ТАНЫМ", "Қазақстан премьер-лигасының 3 клубы", "Грифон", "ЕЖЕЛГІ ОТЫРАР ҚАЛАСЫ", "SULTAN SULEIMAN I", "МӘШҺҮР ЖҮСІП АТЫНДАҒЫ МЕШІТ", "Қазақша күрес", "Жеңіске 80 жыл", "Ә. МОЛДАҒҰЛОВА. 100 ЖЫЛ" атты монеталар шығаруды жоспарлады. Оның бірнешеуі шығарылды.

"Коллекциялық монеталардың қанша данада шығарылатыны әрбір монета бойынша жеке-жеке анықталады. Бұл жерде ішкі және сыртқы нарықтардағы ол аталымдағы монетаға деген қажеттілік басшылыққа алынады. Сонымен қатар коллекциялық монеталардың ұқсас серияларының соңғы 5 жыл бойында өткізілген санына қарай халықтың сұранысы, коллекциялық монетаға таңдалған тақырыптың жаңашылдығы, қолданылатын технологиялар мен пайдаланылатын материалдар да ескеріледі", – деп жауап берді Ұлттық банк.

Реттеушінің "қазақтың ұлы тұлғаларына арналған естелік монеталардың аз шығарылуына оларға деген сұраныстың аздығы себеп" деген сыңайдағы түсініктемесі азаматтардың ашуын туғызады.

"Ұлттық банктің таралым санын анықтау саясаты бізге түсініксіз. Қазақтың ұлы тұлғалары ұлықталған монеталарға сұраныс аз емес, көп! Шетелдік әріптестеріміз бізден чаттарда: "мынадай-мынадай тұлғаларыңызға арналған монеталарды сатыңыздаршы!" деп қиыла сұрайды. Қазақстанда отырып, оны тауып бере алмаймыз. Сәтпаевқа арналған естелік монетасының негізгі тиражы – 300 дана болды. Рақымжан Қошқарбаевқа арналған монета саны – 5 000 ғана. Басқа тұлғаларға да аз. Ал, көбелекке арналғаны – 20 000, бұғыныкі – 30 000, дуадаққа – 1 миллион! Ұлы тұлғаларымызды көбелек, дуадақ құрлы көрмегені ме?!", – деп ренішін білдірді коллекционер Ермек Ибраев.

Ұлттық банк бұл "біртүрлі" саясатын ары қарай жалғастыруда. Мысалы, биыл коллекциялық монетада ұлықталу құрметіне іліккен жалғыз қазақстандық тұлға Әлия Молдағұловаға арналған монетаның таралымы – 5 мың. Заманында жарты әлемді жалпағынан басқан Осман империясының ең даңқты патшасы І Сүлеймен сұлтанға арналған монетаның жалпы саны – 2 мың бірлік қана.

Дәл осы кезде биыл барыс-ілбіске арналған монетаның таралымы – 1 миллион, киікке – 1 миллион, арқарға – 1 миллион, дуадаққа – 1 миллион, ителгіге – 1 миллион, ТМД атап өткен ҰОС жеңісінің 80 жылдығына – 10 миллион, Қазақстан премьер-лигасының 3 футбол клубына – 15 мың монета арналып отыр.

Жалпы, Ұлттық банк "ҚАЗАҚСТАННЫҢ ФУТБОЛ КЛУБТАРЫ" мен "ҚАЗАҚСТАННЫҢ ФУТБОЛ ФЕДЕРАЦИЯСЫ" сериясы аясында әлем деңгейінде жетістігі шамалы отандық 14 футбол клубына арнап, естелік монета шығарды. Әрқайсысының таралымы 7 мыңнан.

Қазақстанның Ұлттық банкінің қазақтың ұлы тұлғаларына мұрын шүйіре қарайтынына шетелдік нумизматтар да аң-таң. Былтырғы 2024 жыл бойы ҚРҰБ жалпы саны 15 коллекциялық монета шығарды. Соның тек екеуі тарихи тұлғаларымызға бағышталды. Атап айтқанда, "Р.Қошқарбаев. 100 жыл" және "К.Ақышев. 100 жыл" монеталарының әрқайсысы 5 мың данамен ғана жасалған.

Айтпақшы, биылғы сәуірде қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, Ғылым академиясының академигі Сәбит Мұқанов 125 жасқа толды.

"Айтып жіберіңіздерші, сіздер Сәбит Мұқановтың 125 жылдығына арналған естелік монета шығаруды жоспарлап отырсыздар ма?", – деп жазды ресейлік нумизматтар алқасының өкілі Максим Дебёло.

"Монеталарды шығару "Коллекциялық монеталарды шығару тақырыбына" сәйкес жүзеге асырылады. Алдағы 2 жыл үшін ол тақырыпты Ұлттық банк басқармасы өз қаулысымен алдын ала бекітеді. 2024–2025 жылдар кезеңіне арналған тақырыптар ҚРҰБ басқармасының 2023 жылғы 21 тамыздағы №64 қаулысымен бекітілді. Онда Сәбит Мұқановтың 125 жылдығына арналған монета шығару қарастырылмады", – деп жауап қатты Ұлттық банк.

Social Link

Follow Me On Social Media