What are you looking for?

Ирандағы шетелдіктер Армения мен Әзербайжанға жаппай қашып жатыр

18.06.2025

Соғыстан бас сауғалағандар қатарында Орталық Азия республикаларының азаматтары да бар.

Израиль мен Иран арасында әуе соғысы басталғаннан бергі бес күн ішінде 17 ұлттан тұратын 600-ден астам адам Ираннан Әзербайжанға қашқан. Мұны сейсенбі күні осы жағдаймен етене таныс әзербайжандық дереккөздер хабарлады.

Ал Armenpress ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Үндістан үкіметі Армения арқылы Иран Ислам Республикасынан 110 азаматын эвакуациялаған екен.

Шетелдіктердің Ираннан кетуіне Израильдің өткен жұмада басталған тосын шабуылдары себеп болып отыр. Сол соққыларға Иран зымырандық және дрондық шабуылдармен жауап беріп жатыр. АҚШ президенті Дональд Трамп болса, дүйсенбі күні Тегеран тұрғындарына дереу көшу қажеттігін ескертті.

Тегераннан Әзербайжанға дейінгі жолға шамамен сегіз сағат кетеді. Ал Армения шекарасына жету үшін 10 сағаттан астам уақыт қажет.

Әзербайжан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айхан Хаджизаденің мәліметінше, жалпы алғанда 51 елден 1200-ден астам азамат Ираннан Әзербайжанға өтуге рұқсат сұраған.

Ол бұған дейін қанша адамның осындай өтініші жасағанын айтудан бас тартты. Бірақ әзербайжандық дереккөз "Рейтер" агенттігіне берген сұқбатында олардың саны 600-ден асады деді. Сонымен қатар, осы дереккөз Ираннан кетіп жатқандардың — Ресей, АҚШ, Германия, Испания, Италия, Сербия, Румыния, Португалия, Қытай, Вьетнам, Біріккен Араб Әмірліктері, Грузия, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстан азаматтары екенін айтты.

Әзербайжан COVID-19 пандемиясынан бері құрлықтағы шекараларын жабық ұстады, бірақ бұл оңтүстіккавказдық мемлекет өз аумағына оңтүстік-шығыс бұрышындағы Астарадағы "гуманитарлық дәліз" арқылы шетелдіктердің кіруіне мүмкіндік берді.

Дереккөздің өзге бір мәліметінше, Ираннан қашқан адамдар автобуспен Әзербайжан астанасы Бакуге барып, әрі қарай туған елдеріне ұшады.

"Ұзынсонар кезек"

Аты-жөнін атамаған АҚШ азаматы Әзербайжан мемлекеттік телеарнасына берген сұқбатында "Жанармай құю бекеттерінде ұзынсонар кезек және жанармай тапшылығы байқала бастады. Қайда барсаңыз да үлкен кезек. Бұл өте қорқынышты. Мен әлі күнге дейін шекарадан өтіп кеткеніме сене алар емеспін", деген.

Ираннан бас сауғалаған 28 қырғызстандықтың бірі Назим Бейшекеев болса, шетел ақпарат құралдарына берген сұқбатында Әзербайжанға өту үшін шекарада 8 сағат кезекте тұрғанына шағымданды. Және де ол азық-түлік пен медициналық көмек көрсеткен жергілікті билік өкілдеріне алғысын білдірді.

Әзербайжанның Report ақпарат агенттігінің хабарлауынша, ел аумағына Қытайдың 26 азаматы да өтіп кеткен.

Кремль сейсенбі күні Ресей азаматтарының Ираннан кетуіне көмектескені үшін Әзербайжанға алғыс айтты.

"Біздің әзербайжандық достарымыз барлық қолайлы жағдайларды жасап жатыр, сол үшін оларға өте ризамыз", — деді Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков журналистермен өткен кездесуде.

Social Link

Follow Me On Social Media