Мәжіліс отырысында 2024 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы үкімет пен Жоғарғы аудиторлық палатаның есептері қаралып жатыр. Онда қаржы министрі Қазақстанның мемлекеттік қарызы қанша екенін мәлім етті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
Мәди Тәкиев 1 сәуірдегі жағдай бойынша мемлекеттік қарыз 31,9 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімнің 21 пайызын құрағанын хабарлады.
"Халықаралық институттардың мәліметінше, біздің мемлекеттік қарызымыз жоғары емес, оны игеруге болады, мұны рейтинг агенттіктерінің бағасы дәлелдейді. Былтыр қайта бағалау жүргізіліп, деңгей сәл өзгерді.
Осыған қарамастан бұл мәселе үкімет деңгейінде қарастырылып жатыр. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша біз оны Экономикалық саясат жөніндегі кеңес талқысына шығардық.
Жалпы, мемлекеттік қарызды азайту үшін тапшылықты азайтып, салық базасын – яғни бюджеттің кіріс бөлігін көбейту керек. Бұл жасалып жатыр. Жаңа Салық кодексін ескере отырып, бұл мәселелерді реттеуге болады деп ойлаймын", — деді министр.
Сондай-ақ ол Бюджет кодексіне өзгерістер енгізілгенін хабарлады.
"Бүгінде Қаржы министрлігі тиісті нормативтік құқықтық акті әзірлеп жатыр, оны шілде айында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Келесі есепте әр субъектіге қатысты егжей-тегжей кім және қанша қарыз алғанын көресіздер. Қазір бұл жұмыс жүріп жатыр", — деді Қаржы министрі.
Еске сала кетейік, мамырдың басында Ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Қазақстанның мемлекеттік қарызының көлемі жалпы ішкі өнімнің 23 пайызы деңгейінде деп көрсеткен болатын. Оның айтуынша, бұл әлемдік стандарт бойынша өте төмен көрсеткіш.
Сондай-ақ, былтыр күзде сенат депутаты Сұлтанбек Мәкежанов Қазақстанның мемлекеттік қарызы мен оған қызмет көрсету туралы пікір білдірген еді. Оның айтуынша, мемлекет кепілдігімен мемлекеттік емес несиелерді өтеу және оларға қызмет көрсету бойынша шығын көлемінің өскені байқалады.