Мұндай бастаманы Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев " Орталық Азия – Қытай" атауымен өткен ІІ саммитте көтерді.
Ол бұл ұсыныс Орта Азия елдері арасындағы транзиттік инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік беретініне сенімді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты
Негізінен, өзбек басшысы "Орталық Азия мен Қытай арасындағы көлік дәліздерінің "Біртұтас картасын әзірлеу" жөніндегі бастама жүзеге асуы тиіс" деп есептейді.
– Біз Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолының құрылысын бастау Еуразиядағы көлік және транзиттік байланыстардың жаңа жүйесінің маңызды бөлігі деп санаймыз, – деді ол.
Осылайша, Шавкат Мирзиёев Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолы құрылысын бастау бастамасының стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жоба – Еуразия кеңістігіндегі жаңа көлік архитектурасының негізгі элементі.
Көлік саласындағы өзара іс-қимылды үйлестіру мақсатында Ш.Мирзиёев Орталық Азия елдері мен Қытайдың тиісті мекемелері деңгейінде сарапшылар тобын құруды ұсынып отыр. Бұл топтардың міндеті – жергілікті зерттеу жұмыстарын жүргізу, логистикалық инфрақұрылымды жаңғырту әлеуетін бағалау және баламалы бағыттар бойынша жүк тасымалына арналған пилоттық жобаларды қарастыру.
– Келесі кездесуге дейін осы сарапшылардың жұмысының нәтижесі ретінде көлік дәліздерінің біртұтас картасы мен заманауи транзиттік инфрақұрылым құру бойынша нақты әрі дәлелді ұсыныстар әзірленуі тиіс, – деді Шавкат Мирзиёев.