Қостанайда автокөлік иесі көлік сатып алғаннан кейін бірден жағымсыз жағдайға тап болды, деп хабарлайды Zakon.kz.
2025 жылғы 18 маусымда Қостанай облыстық сотының баспасөз қызметі мәлім еткендей, ер адам Lada маркалы автокөлікті толықтай онлайн түрде, банк қосымшасындағы "Мемлекеттік қызметтер" бөлімін пайдалана отырып сатып алған. Мәміле тіркеліп, сағат 11:55-те көліктің есептен шығарылғаны туралы хабарлама келіп түскен, ал 12:06-да жаңа нөмір алу қажеттігі жөнінде хабарлама алынған.
Жаңа көлік иесі рәсімді аяқтау үшін арнайы ХҚКО-ға бет алған, бірақ жолда оны полиция қызметкерлері тоқтатып, оның үстінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабы 4-бөлігі бойынша хаттама толтырған. Оған жалған мемлекеттік нөмір белгілерімен көлік басқарды деген айып тағылған.
Азамат бұл айыппұлмен келіспей, сотқа жүгінді.
"Сот барысында көлік нөмірлері жалған емес екені анықталды, тек тіркеуден алынғандықтан жарамсыз деп танылған. ӘҚБтК-нің 590-бабы 4-бөлігіне сәйкес, жауапкершілік тек қасақана әрекет болған жағдайда ғана туындайды. Азамат И.-нің әрекетінен ондай ниет анықталмады. Ол көлікті тек заңды түрде қайта тіркеу мақсатында басқарған. Көлікті қосымша арқылы рәсімдеу заңға толық сәйкес келеді және ІІМ-нің уәкілетті органдарымен келісілген", – деген қорытындыға келді сот.
Қарау нәтижесі бойынша Қостанай соты азаматтың әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамы жоқ деп таныды.
Қаулы заңды күшіне енген жоқ.