Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында 18 маусымда питбультерьер итінің шабуылынан келтірілген моральдық зиянды өтеу туралы зардап шегушінің талап-арызы қаралды, деп хабарлайды Zakon.kz.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, талап қоюшы 2024 жылдың жазында жауапкерге тиесілі ит тістеп, дене жарақатын алған. Салдарынан жәбірленуші ұзақ емделген, құтыруға қарсы вакцинация курсын алып, ауыр эмоционалды күйзеліске ұшыраған. Ол талап-арызында 1 млн теңге моральдық зиян ақысын сұрады.
Жауапкер талап қоюшы тарапынан итке арандатушылық жасалғанын түсіндіре отырып, талапты мойындамады және зиянды өтеуге материалдық мүмкіндігі жоқ екенін жеткізді. Сондай-ақ, жауапкер оқиға болған сәттен бастап 6 айдан астам уақыт өткенін де ескеруді сұрады.
Сот процесінде медициналық құжаттармен, фотосуреттермен, бейнежазбалармен және айғақтармен расталған мәліметтерге сәйкес, талап қоюшыны иттің бірнеше рет тістеп алғаны анықталды. Жауапкер бұрын итті тұмсық торсыз серуендеткені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.
Сот парасаттылық пен әділеттілік қағидаттарын басшылыққа ала отырып, денсаулыққа келтірілген зиянның ауырлығын, талап қоюшының эмоционалды азап шегу дәрежесін, сондай-ақ жауапкердің өкінбеуін ескерді. Талап қоюшының моральдық зиянды өтеу туралы талап қоюы ішінара қанағаттандырылды.
Шешім заңды күшіне енді.
Бұған дейін Түркістан облысында тазы тұқымының ең әдемісі таңдалып, байқау өткізілгені хабарланған.