What are you looking for?

Кеден саласының үздігі

08.03.2025

Жаны нәзік демесеңіз, әйел баласы қоғамның қай саласында да ерлермен иық тірестіре еңбек етіп келеді. Темірдей тәртіп орнаған мекемеге жып-жылы шуақ сыйлап жүретін де солар. Біздің айналамызда мұндай қайсар ханымдар аз емес. Ұзақ жылдар бойы Кеден саласында табысты еңбек етіп жүрген Бибігүл Тұрысбекқызының өмір өнегесі сан сынақтан сүрінбей өтіп, жігері мұқалмаған қайратты жанның жарқын үлгісін көз алдымызға әкеледі.

Еңбек жолын жоғары оқу орнында мұғалім боп бастаған кейіпкеріміздің Кеден саласына келуі кездейсоқ емес. Тағдыр қосқан серігі Болат Мұсабековтің жұмыс бабымен шекара шебіндегі Достық бекетіне қоныс аударып, қалалық жайлы өмірді артқа тастаған ерлі-зайыптылар арманға бірге қанат қаққан. Болат – кеден инспекторы, Бибігүл мектепке мұғалім болып орналасты. Тағдыр тартуымен Айсұлу мен Жүсіп есімді ұл-қыздары өмір есігін ашты.

Ол кезде қытай шекарасына жақын станцияға кедендік инспектор болып қызметке тұрған жас маманды алдағы уақытта қандай сынақ күтіп тұрғаны беймәлім еді. Өмірге құштар азаматтың арманы Достық-Үшарал тас жолындағы қарлы боранда үзілді. Қапияда жарынан айырылу Бибігүл ханымға үлкен соққы болды. «Қайғыны көтерген адам шыңдалады» дегендей, келер күннен үміт үзбеген ол шиеттей екі баласының болашағы үшін күйеуінің жұмысын жалғастыруға бел буады. 2002 жылы кеден саласындағы жауапкершілігі мол жұмысқа кіріседі. Сол сәттен бастап оның өмірі жаңа арнаға түсті.

«Өткен күндердің елесін шолып өткенде, көңілге көп ой оралады. Басқа түскен сынақ адамды қайраттандырады екен. Ауыр желдің өтінде жүріп, алға ұмтылдым. Құладым, қайта тұрдым. Құдай адамға көтере алмайтын сынақ бермейді дегені рас екен. Азаматымның ошағын өшірмей, ұл-қызын аяқтандырып, адал еңбегімнің жемісін көріп отырмын», дейді Бибігүл Тұрысбекқызы.

Ол Достық станциясындағы жұмысын 2012 жылға дейін жалғастырып, 2012 жылы кеден қызметі қайта ұйымдастырылған тұста Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы қызметіне кірісті. Еңбегі жанған білікті маманды әріптестері мен ортасы өз ісінің білгірі ретінде құрметтейді. Кейіпкеріміздің қызмет жолы 2013 жылы Қорғас кеденінде бас маман, кейінірек «Қорғас-Шығыс қақпасы» Халықаралық ынтымақтастық орталығында және Қалжат кеден бекетінде жалғасын тапты. Оның еңбек жолы «мақсатқа ұмтылған адам жетістікке жетеді» деген сөздің дәлелі іспетті.

Шекара шебінде еңбек ету үлкен күшті қажет етеді. Қажыр-қайратың мен денсаулығыңды да сарп ететін сәттер аз емес. 2022 жылы Алтынкөл кеден бекетінде қызмет атқарып жүргенде Бибігүл Тұрысбекқызы ми артерияларының тромбозынан инсульт алды. Бұл оған ауыр сынақ болды, бірақ «рухтың күшімен ауруды да жеңуге болады» дегендей, мықты ерік-жігері мен отбасының қолдауы оған дем берді. Сырқатынан айығып, сүйікті жұмысына қайта оралды. Күні бүгін ол Жетісу облысындағы «Алтынкөл жол» кеден бекетіндегі қызметін жалғастырып келеді.

Өз ісіне жанымен берілген маман ұзақ жылғы еңбегінің арқасында зор құрметке ие болды. Кеден органдарындағы 10 және 20 жыл мінсіз қызметі үшін медальдарымен, кеден қызметінің 30 жылдығына арналған мерейтойлық медальмен, сондай-ақ «Офицердің анасы» медалімен марапатталды. «Ең үлкен еңбек – ұрпақ тәрбиесі» деген ол, балаларының өмірден өз жолын тапқанына қуанады. Бүгінде қызы Айсұлу Алматыдағы Қытай банкінде жетекші аудитор болып еңбек етсе, ұлы Жүсүп Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметте капитан шенінде.

Мықты маман – қай ұжымның да мақтанышы. Қуатты құрылымның тыныс тіршілігін терең сезінетін Бибігүл Тұрысбекқызын көктем мерекесімен құттықтап, ел игілігі жолындағы еңбегіңіз елене берсін деп тілек айтамыз!

Social Link

Follow Me On Social Media