Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев өз мақаласында орныққан парадигмалардың күйреуі қазіргі жаңа шындықтың басты сипаты екенін атап өтті. Сенатор бұл сын-қатерге мемлекет басшысының қалай жауап беріп жатқанын саралап көрсетті, деп хабарлайды Zakon.kz.
Мәулен Әшімбаевтың пікірінше, Қазақстан да "әлемдік организмнің" бір бөлшегі ретінде бұл өзгерістер легінен тыс қала алмайды. Осы ағынға жұтылып кетпеу үшін елге ұлтты біртұтас монолитке біріктіре алатын ерекше, мызғымас негіз қажет.
"Осындай молекулалық байланыс, яғни ұлттың жаһандық дағдарыс хаосында быт-шыт болмауына кедергі болатын жалғыз тетік – бұл барша азаматтарға ортақ бірегейлік, яғни баршаның өзін бір мәдени-менталдық құндылықтар матрицасына тиесілі сезінуі", – дейді саясаткер.
Оның айтуынша, шығу тегі, әлеуметтік мәртебесі, діні немесе саяси көзқарасы қандай болса да, мықты ұлттық бірегейлік – ұлтты ішкі және сыртқы сын-қатерлерге қарсы тұра алатын тірек, ал Қазақстанды өміршең біртұтас организм ретінде сақтайтын ішкі өзек.
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, 2022 жылғы бетбұрысты кезеңнен бастап, "Жаңа Қазақстан" құруды мәлімдеген президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің реформаторлық күн тәртібінде ұлттық бірлік мәселесін барлық азаматтарға ортақ бірегейлік негізінде қарастырып отыр. Ең бастысы – бұл жолы мүлде жаңа тәсілмен.
"Бұрын ұлт қалыптастыру процесі негізінен стихиялық жүріп, билік тарапынан оған ықпал ету талпыныстары декларативті тетіктерді қабылдаумен шектеліп, олардың іске асуы тек мемлекеттік ақпараттық тапсырыспен қамтылған медиадискурс түрінде болған еді. Ал "Тоқаев моделі" – ұлтты біріктіріп қана қоймай, XXI ғасырда жаңа сапа бере алатын ортақ құндылықтарды сұрыптап, қалыптастыру бағытында мемлекет пен қоғамның проактивті әрекетін ұсынады. Бұл модель – тәуелсіздік жылдары бойы қалыптасқан, баршаға ортақ, біріктіруші рөл атқаратын мәдени, саяси, экономикалық, тұрмыстық, дәстүрлі, өмірлік құндылықтар жиынтығын негізге алады", – деп жазады Әшімбаев.
Бұл тәсілдің бірегейлігі – онда қазақстандық ұлттық бірегейліктің болмысын айқындайтын қазақи мәдени код басым екенінде, дейді ол. Бұл – британдық бірегейлікті сипаттайтын "ағылшындық" феноменімен салыстыруға болады. Сонымен бірге, қазақи бірегейлік өзге де мәдени дәстүрлердің элементтерін бойына сіңіріп отырады.
"Қазақи мәдени кодтың элементтері – ұлттық бірегейлік пен ортақ азаматтық сияқты құндылықтармен қатар ел ішіндегі әр алуандылықты біріктіретін "желім" рөлін атқарады. Бұл – бізді өзгелерден даралап тұратын ерекшелік, соның арқасында біз шет елдердегі қарапайым көпшіліктің арасынан қазақтарды бірден танимыз – этникалық шығу тегіне қарамастан. Бұл модельдің мәнін мемлекет басшысы 2023 жылы нақты сипаттап берді: "Бүгінде барлық азаматтарымыз өздерін біртұтас үлкен қазақ отбасының мүшесі сезінеді, бұл – біртұтас ұлт деген сөз. Сонымен бірге, біз мақтан тұтатын этномәдени әртүрлілігіміз жоғалмайды, керісінше, ортақ азаматтық негіз есебінен одан әрі нығаяды. Бізде түрлі мәдени дәстүрлер бірігіп, ұлттық бірегейліктің берік қорғанына айналған өзіндік өмір салты қалыптасты"", – деп келтіреді Әшімбаев Тоқаевтың сөзін.
Сенатордың пікірінше, "Тоқаев моделінің "басты мәні –"аморфты, бет-бейнесіз, субъектілігі жоқ жалпыазаматтық модельден" қазақи мәдени генотиптің субъектілігіне негізделген ұлт қалыптастыруға көшу.
Сондай-ақ бұл модельдің тағы бір айрықша қыры – табиғи үдерістермен үндесу. Яғни күрделі идеологиялық тұжырымдар мен доктриналарды қолдан жасауға тырысудан бас тарту, керісінше, шынайы қоғам ағысымен қатар жүру, қажетсіз кедергілер жасамай, табиғи дамуға жағдай жасау:
"Бірақ бұл қарапайымдылық – жағдайды өз бетімен жіберу емес. Бұл – қоғам ағысымен бірге жүру, бағытты түзеу, кедергілерді жою, өткір тұстарды жұмсарту, қажетсіз араласпай, керісінше, оқиғалардың табиғи бағытына көмектесу". Мәулен Әшімбаев
"Тоқаев Моделінің" тағы бір маңызды құрамдас бөлігі – прагматизм мен нәтижега бағытталу. Дискурстық шындықтың орнын нақты әрекет шындығы басты. Ұлт қалыптастыру саласындағы прагматизм нақты нәтижелер беретін бағыттарды қолдап, дамытудан көрініс табады: поп-мәдениет, кино, сән, тағам, спорт, әлеуметтік желідегі контент және т.б.
"Мысалы, қазақ поп-музыкасының жаһандық жетістігі, қарқын алып келе жатқан қазақ киносының индустриясы, соңғы екі жылда этно-бағыттардың fashion мен гастро-индустрияда алға шығуы, ұлттық тақырыптарды арқау еткен авторлық видеолар санының артуы – бұлардың бәрі Тоқаевтың ұлттық жаңғырудың жаңа тірегі ретінде креативті индустрияға бекерден-бекер үміт артпағанын дәлелдейді. Бұл – soft power, яғни жұмсақ күш тетіктерін тиімді пайдалану: мәжбүрлеу емес, қысым емес, медиалық гипноз емес – шынайы қызығушылық, эмоциялық тартылыс және тренд қалыптастыру арқылы ықпал ету", – дейді Әшімбаев.
Соңында, сенатор "Тоқаев Моделінің" түпкі ерекшелігі ретінде – болашақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруды және соған бағытталған ұлттық ренессанс идеясын атады. Бұл тұрғыда мемлекет басшысы: "Біздің жастар – ұлттық рухымызды қазіргі заман талабына сай жаңғыртып отыр, олар өткеннің тәжірибесін болашақ көкжиектерімен үйлестіре білді. Мемлекеттің міндеті – осы оң импульсті сақтап, бірнеше есе күшейту. Егер біз мұны жасай алсақ, онда өзіміздің қазақи ренессансты және ұлттық реформалар дәуірін бастаймыз", – деп атап өткен.
Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, XXI ғасырда ұлттың жаңғыруы үшін ол өзін біртұтас отбасы ретінде сезініп, ортақ құндылықтар мен даму болашағы тұрғысынан бірігуі тиіс. Ал бұл – тек ұлттық диалог арқылы мүмкін.