Қалада 4,4 миллион көлік картасы сатылған, оның 1,3 миллионы — әлеуметтік.
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды ONAY! қоғамдық көлікті диспетчерлік басқару орталығына барып, қаланың маршруттық желісін бақылау және басқару жөніндегі жұмыстармен танысты, деп хабарлайды қала әкімінің баспасөз қызметі.
Мегаполис басшысы қалалық көлік қозғалысына тәулік бойы бақылайтын және тасымалдаушылардың негізгі көрсеткіштерін орындалуын қадағалайтын орталықтың қызметі туралы баяндаманы тыңдады.
"Алматы қаласының Көлік холдингі" ЖШС ONAY! диспетчерлік басқару орталығының директоры Дәурен Сәбитов басты нәтижелер мен көрсеткіштер туралы баяндады. Алматыда жыл сайынғы жолаушылар саны 455 миллионға жетеді. Бүгінде ONAY! жүйесі 206 маршрутқа қызмет көрсететін автобустар, троллейбустар мен метроны қосқанда 3,5 мыңнан астам көлік бірлігі бар. Желі бойынша 27 тасымалдаушы, 3500 автобус және 6830 аялдама бар", – делінген хабарламада.
Кездесу барысында цифрлық сервистерге ерекше көңіл бөлінді. Қалада 4,4 миллион көлік картасы сатылған, оның 1,3 миллионы — әлеуметтік. Жолаушыларға ыңғайлы болу үшін ONAY! мобильді қосымшасы да бар, онда пластикалық картасыз виртуалды картаны пайдалануға болады. Қала әкімі қозғалыс аралығын сақтауға және көліктің үздіксіз қатынауына ерекше назар аударды.
Оқи отырыңыз: Miss Qazaqstan байқауының финалы Алматы метросында өтеді
"Қаланы аралап жүргенде аялдамада автобустардың тізіліп кезекте тұрғанын көрдім. Мұны реттеу керек. Уақыт кестесі мен көлік қозғалысының аралығы нақты сақталуға тиіс", – деді Дархан Сатыбалды.
Оның айтуынша, холдингтің негізгі міндеті қоғамдық көліктің тұрақты жұмысын қамтамасыз ету екеніне ерекше тоқталды.
Жұмыс сапары қорытындысы бойынша қала әкімі қозғалыс кестесінің сақталуына бақылауды күшейту, аялдамаларда автобустардың тұрып қалуын болдырмау және біркелкі аралықты жолға қою, көліктің көбеюін ескере отырып, диспетчерлік жүйені жаңғырту бойынша бірқатар тапсырма берді.
Бұған қоса, Дархан Сатыбалды тасымалдаушылардың жауапкершілігін күшейтуді және ONAY! цифрлық картаның жолаушылардың барлық санаты үшін қолжетімді болуын қамтамасыз етуді жүктеді.