What are you looking for?

Макрон Израильдің Иранға жасаған шабуылдарын дереу тоқтатуға шақырды

19.06.2025

Франция Президенті Эммануэль Макрон Иранның ядролық және баллистикалық бағдарламаларына қатысы жоқ Израиль шабуылдарын дереу тоқтатуға шақырды, деп хабарлайды Анадолы.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы kaz.inform.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Елисей сарайы жариялаған жазбаша мәлімдемеде, Макрон 18 маусымда Израильдің Иранға жасаған шабуылдарын талқылау үшін Ұлттық қорғаныс және қауіпсіздік кеңесін шақырғаны айтылған.

— Президент Иранның ядролық және баллистикалық бағдарламаларына қатысы жоқ нысандарына қарсы Израиль шабуылдарының үдеуі мен Иран мен Израильде бейбіт тұрғындар арасындағы құрбандар санының артуына алаңдаушылық білдірді. Бұл әскери әрекеттер өңірлік қауіпсіздікке үлкен қатер төндіреді және дереу тоқтатылуы тиіс, — делінген мәлімдемеде.

Макрон Иранның ядролық және баллистикалық бағдарламалары мәселесін шешудің жалғыз жолы келіссөздер екенін атап өтті. Сондай-ақ Франция Президенті Иранның аймақтағы іс-әрекеттері бойынша диалог бастауға дайын екенін білдірді.

Мәлімдемеде Макрон Францияның сыртқы істер министрі Жан-Ноэль Барроға алдағы күндері еуропалық серіктестермен бірлесе отырып, Израильдің Иранға жасаған шабуылдарын тоқтатуға бағытталған келіссөздер бастамасын қолға алуды тапсырғаны жазылған.

Сонымен қатар, Макрон Барроға осы екі елден кеткісі келетін француз азаматтары үшін қажетті шараларды қабылдауды тапсырды және француз азаматтарына аталған елдерге барудан бас тартуға қатаң кеңес берілді.

Social Link

Follow Me On Social Media