What are you looking for?

Жамбыл облысында химия өнеркәсібі қарқынды дамып келеді

19.06.2025

Отандық химия өндірісі, оның ішінде химия өндірісінің Әулиеата өңіріндегі қалыптасу жайында сөз қозғағанда оның тамыры терең тарихына тоқталмай кетуге болмайды. Бұл өндірістің іргетасы облыстың құрылуымен тікелей байланысты. 1939 жылдың соңына таман шаңырақ көтерген облыстың алдында қыруар міндет тұрған болатын. Сол тұста орыс геологтары И.Машкара мен П.Л.Безруков Қаратау қойнауынан фосфор кенінің ірі қорын анықтап, 1,5 миллиард тоннаға жуық фосфор кенін барлап, толық сараптамасын жасаған. Осындай табиғат берген байлықты игеру аймақтың тағдырын түбегейлі өзгертіп, облыстың даңқын асқақтата түсті, деп жазады Egemen.kz Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алдымен 1944 жылы Қаратау тау-кен комбинатының құрылысы басталып, екі жылдан кейін алғашқы кезеңі іске қосылды. 1947 жылы алғаш өнім шығарылып, химия өндірісі сол кезден бастап жолға қойылды. Содан бері бұл сала өңір экономикасының негізгі тірегіне айналды. Зауыт сол жылдардан бері қарай бірнеше өнім түрлерін шығарып келеді. 1962 жылы Кеңес Одағы бойынша тұңғыш рет ұнтақ түріндегі аммофос тыңайтқышы алынса, 1965 жылы энергетика саласында қолданылатын сульфакөмір цехы салынды. 1966-1975 жылдар аралығында мал азығына қажетті азықтық фосфат өндірісі жолға қойылып, жаһандық деңгейде жаңа әдістер енгізілді. Ал 1968 жылы пайдалануға берілген «Ленин комсомолы» атындағы «Қоссуперфосфат» зауытының алғашқы өнімі 1969 жылдың мамырында шықты. 1970 жылдары салынған «Жаңа Жамбыл» фосфор зауыты да аймаққа үлкен серпіліс сыйлады.

Бұл кәсіпорын әлемде тұңғыш рет агломераттан сары фосфор өндіру ісін жүзеге асырды. Соның арқасында химия өндірісі саласына жұмысқа тартылған еңбеккерлерге арналып, Жаңатас, Қаратау қалалары бой көтерді. Алайда 1990 жылдардағы қиындықтар химия өндірісіне де кері әсерін тигізбей қоймады. Бірқатар зауыттардың жұмысы тоқтап, көптеген жұмысшылар амалсыз ақысыз демалысқа жіберілді. Дегенмен 1999 жылы құрылған «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі химия өндірісін қайта қолға алып, салаға қайта қан жүгіртті. Кәсіпорын қайта жасақталып, ішкі және сыртқы нарық сұранысына сай жаңа бағытта жұмыс істеуге бейімделді.

Бүгінде «Қазфосфат» ЖШС құрамындағы «Жаңа Жамбыл фосфор» зауыты сары фосфор мен одан алынатын түрлі өнімдердің ірі өндірушісі ретінде әлемге танылып отыр. Оның қатарында термиялық ортофосфор қышқылы, натрий үшполифосфаты, феррофосфор, түйіршіктелген қож сияқты жоғары технологиялық өнімдер бар.

Аталған кәсіпорынның әлеуеті жылдан-жылға артып келеді. 2021 жылдан бастап қызметкерлердің жалақысы 100 пайызға артты. Мәселен, бастапқыда орташа еңбекақы 70 мың теңге болса, кейіннен бұл көрсеткіш 350-400 мың теңгеге дейін жетті. Одан кейінгі жылдарда да жұмысшы жалақылары біртіндеп көтерілді. Бұдан бөлек, қызметкерлерге түрлі әлеуметтік көмектер де көрсетіле бастады. Мысалы, Қаратау қаласында 72 пәтерлік тұрғын үй салынып, жұмысшыларға тегін берілді. Жаңатас қаласында да еңбеккерлер үшін осы секілді қамқорлықтар қарастырылды.

Кәсіпорында еңбек қауіпсіздігіне, санитарлық жағдайға, жұмысшыларды ыстық тамақпен қамтуға, медициналық қызмет көрсетуге де баса назар аударылған. Айталық, «Жаңа Жамбыл фосфор» зауыты аумағының 30 гектары көгалдандырылса, санитарлық аймақтың көлемі 56 гектардан асады. Мұнда жыл сайын көктемде ағаш отырғызу дәстүрге айналған. 2020 жылы зауыт маңына бір гектар жерге 300 түп алма, алмұрт, өрік және шие көшеттері отырғызылып, санитарлық аймаққа 2600 түп қара ағаш егілген болатын.

Фосфор өнімдерінің өткерілуінен түскен табыс сан жылдардан бері облыс орталығының көркеюіне де елеулі үлес қосып келеді. Тарқата айтқанда, Тараз қаласында Химияшылар кенті, перзентхана мен аурухана, орталық стадион мен «Баласағұн» мәдениет сарайы, бірқатар шағынаудандар, «Бөбек» балалар шипажайы, Тұрар Рысқұлов пен Қаратау қаласы маңындағы «Көктал» шипажайлары мен бірнеше лагерьлер бой көтерді. Әуежайдың салынуына да химия өндірісі тарапынан қаржылай үлес қосылғанын айта кетуіміз керек.

Кәсіпорында экологияны қорғауға бағытталған кешенді жұмыстар да жүйелі атқарылып жатыр. Мәселен, түтін мұржаға шығар алдында арнайы сүзгілерден өтеді, ал мұржаның биіктігіне қарай түтіннің адам мен табиғатқа зияны барынша азаяды. Экологиялық бақылау жұмыстары тұрақты жүргізіліп, технологиялар жыл сайын жаңартылып жатыр. Сонымен қатар «Қазфосфат» компаниясы спорт пен өнерге де көңіл бөлуді ұмыт қалдырған емес. Бұған кезінде «Химик» деп аталған қазіргі «Тараз» футбол командасы осы компанияның қамқорлығында болғаны дәлел. Қысқаша айтқанда, қызметкерлердің салауатты өмір салтын ұстануы үшін барлық жағдай жасалып отыр, тіпті арнайы спорттық кешен де жұмыс істейді.

Бүгінде «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі фосфаттар шығарудан бастап, оның тасымалын өзі ұйымдастырып, өнімдерін Шығыс және Батыс Еуропаға, ТМД елдеріне, Қытай, АҚШ пен Үндістан нарығына шығарып келеді. Бір сөзбен айтқанда, серіктестік ТМД елдері арасында және Қазақстанда фосфорлы өнімдер өндіретін жетекші кәсіпорын болып отыр. Осылайша аталған кәсіпорын Қазақстанның химия саласын дамытуға, әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті болуға, сапалы өнім шығаруға, шикізат өңдеуші және жоғары технологиялық тауарлар өндіріп, оны өткізуге барынша күш салып жатыр.

Social Link

Follow Me On Social Media