Олар тапқан қаржыны өз мақсаттарына пайдаланған.
Шымкентте TikTok арқылы "шоколадпен қапталған құлпынай" сатылатыны туралы жалған жарнама беріп, тұрғындарды алдаған екі ер адам сотталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты қалалық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Шымкент қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында азамат Б. және А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды.
Тергеу материалдарына сәйкес, сотталушылар осы жылдың 8 наурызында "ТикТокта" "шоколадпен қапталған құлпынай" сатылатыны туралы жалған жарнама орналастырған. Осылайша 13 жәбірленушіні алдап, олардың қаражатын иемденіп алған. Тапқан пайданы өздеріне жаратқан.
Сотталушылардың тағылған айып бойынша кінәсі іс бойынша жинақталған құжаттармен дәлелденеді. Прокурор сотталушыларға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленушілер кешірім берді.
Сотталушылар ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 3-тармағымен кінәлі деп танылып, әрқайсысына 3 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.