What are you looking for?

Назарбаев зияткерлік мектебінен шығарылған оқушы қарапайым мектептен аттестат алды

21.06.2025

Қоғам белсендісі Аида Букаева Назарбаев зияткерлік мектебінен шығарылған оқушының оқиғасы өз мәресіне жеткенін айтты. Жасөспірім Алматыдағы қарапайым мектепте 11-сыныпты сәтті аяқтап, бірде-бір "үштіксіз" аттестат алатын болды, Skifnews.kz ақпарат порталы.

Бұған дейін Сұңқар есімді жасөспірімді Назарбаев зияткерлік мектебінен оқу жылы аяқталуына үш-ақ күн қалғанда шығарып жіберген. Белсендінің айтуынша, баланы мектептен шығарып қана қоймай, тағы бір жылға қалдыру да көзделген екен.

"Сценарий бойынша, ол 2025 жылдың қыркүйегінде жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбына қайта баруға тиіс еді. Яғни сіздер оны тек шетке ысырып тастап қана қоймай, тағы бір жылға қалдырмақ болдыңыздар", – деді қоғам белсендісі.

Аида Букаеваның айтуынша, Сұңқар өте ауыр жағдайға тап болған. Ол отбасындағы жалғыз бала, ата-анасы орыс тілін меңгермеген. Сұңқар бес жыл бұрын Назарбаев зияткерлік мектебіне ең жоғары балл жинап түскен. Оның атасы Қытайдан тарихи отанына оралу үшін жоғары лауазымын тастап көшіп келген.

Қоғам белсендісі Аида Букаева Сұңқарға көмектескен барлық жанға алғысын білдірді. Жасөспірім Алматыдағы №8 мектепке қабылданған.

"Бізге бас тартқан мектептер де бұл жазбаны оқитынын білемін. Сіздер жеңілдіңіздер! Жеңілген – Назарбаев Зияткерлік мектебі! Бүгін Сұңқардың көзінде қуаныш бар! Иә, оңай болған жоқ! Жан-жақтан қысым жасалды. Екеуміз де шыдамай, ақыры аурухана төсегіне жаттық. Бірақ әділет салтанат құрды!" – деді ол.

Қоғам белсендісі балаларға қысым көрсетуге және әділетсіздікке жол бермеуге шақырды. Енді Сұңқар ҰБТ-ға рұқсат алуды күтіп отыр. Бұдан бөлек Алматы білім басқармасы редакциямыздың сауалына жауап беріп, Сұңқардың аттестат алғанын растады.

Social Link

Follow Me On Social Media