What are you looking for?

Астанада көпір үстінде ер адам өзіне қол жұмсамақ болған

21.06.2025

ҚР ІІМ Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінің ефрейторы Достық Жақсылық Астанадағы көпір үстінде өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды құтқарып қалды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Оқиға 21 маусымға қараған түнгі сағат 00:30 шамасында Астананың Көктал көшесіндегі "Сарқырама" көпірінде болған. Жедел қызметке 1996 жылы туған азаматтың көпірдің қоршауынан асып тұрғаны жайлы хабарлама келіп түседі.

Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам ауыр күйзеліске ұшырап, өз-өзіне қол жұмсамақ болған.

Осы сәтте қызметінен кейін үйіне бет алған ефрейтор Достық Жақсылық көпір үстіндегі көрініске назар аударады. Қара жейде киген әскери қызметші бастапқыда көпір үстінде тұрған адамды жай ғана серуендеп жүрген жан шығар деп ойлаған. Алайда жақындай бергенде жағдайдың олай емес екенін аңғарады.

"Қоршаудың ар жағында тұр екен, тек бір қолымен ғана ұстап тұрды. Ондай сәтте ойланып тұруға болмайды – әрекет ету керек", — дейді ол.

Кинолог ер адаммен тілдесіп, оның назарын басқа жаққа бұруға тырысады. Сөйлесу арқылы сабасына түсіріп, өмірге деген үміт отын қайта жандыруға ұмтылған. Осы мезетте қасынан өтіп бара жатқан тағы бір азаматпен біріге әрекет етіп, ер адамды қоршаудың бергі бетіне тартып шығарады. Осылайша олар бір адамның өмірін аман сақтап қалды.

Құтқарылған азаматқа дереу медициналық және психологиялық көмек көрсетілді. Қазіргі таңда ол тиісті мамандардың бақылауында.

Social Link

Follow Me On Social Media