What are you looking for?

Ақмола облысында құрылыс материалдарын өндіру көлемі 30% өсті

21.06.2025

Жыл басынан бері Ақмола облысының өнеркәсіп саласында 756 млрд теңгенің өнімі өндірілді, деп хабарлайды 24KZ. Оның ішінде құрылыс материалдары өндірісінің көлемі артты. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30% өскен. Биыл тағы бірнеше өндіріс ошағы іске қосылады.

Расул Бақытжан екі жылдан бері кірпіш зауытында жұмыс істейді. Кәсіпорын Испанияның озық құрылғыларымен жабдықталған. Жас маман Расул жаңа технология тілін меңгеріп алған.

Расул Бақытжан, зауыт жұмысшысы:

- Ғимараттар, үйлер көп салынып жатыр. Маған салынып жатқан үйлерге өз үлесімді қосып жатқаныма бір қуанышты сезімде боламын. Көптеген отбасы үйлі болып жатыр, көптеген көпбалалы отбасы баспана алды. Соның арқасында біз мемлекетке бір үлесімізді қосып жатырмыз деп ойлаймын.

Қазір зауытта 400-ге жуық адам жұмыс істейді. Алдағы уақытта жұмысшы саны көбейеді. Себебі өндіріс ошағы қуатын арттырып, өзге өңірлерде де зауыт ашып жатыр.

Мырзабай Әбдіхалықов, зауыт директоры:

- Астанадағы кірпіш зауытын іске қосқанымызға осы 1,5 айдай болды. Оның қуаты жылына 60 млн дана кірпіш шығарылады. Онда кірпіштің 4-5 түрі шығарылады. Жуық арада Шымкент қаласында үлкен зауыт іске қосылады. Ол енді кірпіш емес, газоблок. Сол өңірге сәйкестендіріліп салынып жатқан зауыт.

Өңірде құрылыс материалдарын өндіру саласында жалпы құны 45 млрд теңге болатын 9 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Оның төртеуі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

Нұргелді Елубаев, облыстық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бөлім басшысы:

- Атап айтқанда, Шортанды ауданында екі кірпіш зауытының құрылысы жоспарланған. Аршалы ауданында кірпіш зауыты жоспарда. Бұл саладағы даму өңірдің кәсіптік әлеуетін нығайтуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ішкі нарықты сапалы құрылыс материалдарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Жалпы биыл өңірде 221 инвестициялық жоба жүзеге асып жатыр. Нәтижесінде 3 мыңға тарта жұмыс орны ашылады.

Авторлары: Абзал Балтабаев, Евгений Шинкаренко

Social Link

Follow Me On Social Media