"Дубай стиліндегі шоколадтан" кейін жаһан жұртшылығының назарын ішінде дәмді салындысы бар "Дубай құрмасы " жаулай бастады.
"Дубай стиліндегі шоколадтан" кейін жаһан жұртшылығының назарын ішінде дәмді салындысы бар "Дубай құрмасы" жаулай бастады.
"Құрма-финиктер (Phoenix dactylifera) – адамзатқа белгілі жемістердің ішіндегі ең бір байырғысы. Оларды адамдар мыңдаған жыл бұрын, Ежелгі Мысырда қолдан өсіре бастаған. Оны халық құнарлылығы, құрамында пайдалы заттарының көптігі үшін "шөлдің наны" деп дәріптеген. Соңғы жылдары әлемдік нарықта "Дубай құрмасы" барған сайын кең танымал бола түсуде", – деп жазды "Baku.ws" порталы.
Бұл ретте дүниежүзінде құрманың жемісі де, сондай-ақ оның негізінде жасалған десерт те жеңсік асқа айналды
Сонымен, "Дубай құрмасы" деген не? Қазақстанның әрбір дүкенінде, базарында толып тұрған, қорапталған қарапайым құрма-финиктерден несімен ерекшеленеді?
Сарапшылардың айтуынша, "Дубай құрмасы" дегені құрма жемісінің нақты бір сортын білдірмейді. Бұл – құрмадан жасалған өнімнің Біріккен Араб Әмірліктерінен шыққанын ғана меңзейді.
Мысалы, шығыс тәттілері сатылатын дүкендерде "Дубай құрмасы" деп, шоколадпен көмкерілген құрма-финикті, немесе ішінде дәмі тіл үйірер қандай да бір толтырмасы бар құрманы атайды.
"Дубай құрмасы! Дубайлық салындысы бар корольдік құрманы әрбір адам татып көруге тиіс! Ішінде пісте-фисташкалы қытырлақ қамыры бар, бельгиялық ақ шоколад қосылған карамельді құрманы жеген де арманда, жемеген де арманда! Дубай құрмасының толтырмасына мүлдем қант қосылмаған. Ең жақсы, табиғи ингредиенттер", – деп мақтауын келістірді өздерін "Фрутляндия" фирмасының иесі деп таныстырған жеке кәсіпкер.
Өнімнің бағасы қымбат көрінеді: нарықта небәрі 5 кішкене құрмасы бар шағын қорабының құны 10-15 мың теңгеден басталады.
Шетелдік ақпарат агенттіктерінің мәліметінше, Дубай – құрма саудасы мен экспортының әлемдік басты орталығына, хабына айналды.
Осы елдің де кең насихаттауы арқасында құрма қарапайым бұқараға қолжетімді өнімнен ең кірпияз бай-бағланның талғамына сай келе алатын премиалды тағамға айналып шыға келді.
Негізі, құрма жемістерін өндіру жөнінен дүниежүзінде Сауд Арабиясы, Иран мен Египет – жаһандық көшбасшы болып табылады. Соған қарамастан, Батыстың ауқатты азаматтары "Дубайлық құрма" деген брендтегі өнімдерді сатып алуды дәреже, мәртебе көреді.
Себебі, дәл дубайлық шейхтар мен компаниялар құрмадан "сән мен салтанат символын" жасады. Өндірушілер "Дубай құрмасы" деген өнімдер үшін ең үздік сұрыптарын мұқият іріктеп алатындарына сендіреді.
Содан кейін оны көрікті, әсем безендірілген сыйлық қаптамаларға салып, "эксклюзивті коллекция" түрінде ұсынады.
Мұнда барынша кең сұранысқа ие сорты – "меджул" саналады. Олар ірілеу, етті болып келеді және карамельді дәмге ие.
Сонымен бірге, бұл тұқымның жемісінің шырындылығы жоғары және мәйегі жұмсақ болып келеді. Міне, негізінен осы сұрыпынан "Дубай шоколадын" елестететін, ішінде толтырмасы бар атақты десерт жасалады.
Бұл жерде бүгінде "Дубай құрмасын" тек Дубай шеберлері ғана емес, ерінбегеннің бәрі, соның ішінде Қытай мен Ресей кәсіпорындары мен цехтары да өндіртіп жасап жатқанын ескерген жөн.
Олардың үлкен бөлігі жасалған жері ретінде Дубайды көрсетуі мүмкін. Олай болса, удай қымбат бағаға құрамы белгісіз, салындысы күмәнді, пайдасы шамалы тағам алуыңыз ғажап емес.
Сондықтан мамандар дубайлық қана емес, кез келген құрманы жеуге кеңес береді. Жалпы, егер бұзылмаған, көктемеген болса, құрманың адам денсаулығына өте пайдалы екенін ғылым дәлелдеген.
Ал, егер іші тәттіге толтырылған "Дубай құрмасына" аңсарыңыз ауса, DW сарапшылары оны өзіңіз жасап алуыңызға болатынын еске салады.
Бұл тағам түрін дайындау біршама қарапайым:
- Құрманы ішіндегі сүйегінен тазартыңыз.
- Босаған кеңістікті пісте-фисташкалы маймен,
- Ұсақ ұнтақталған жаңғақпен,
- Кадаифпен (кондитерлік істе пайдаланылатын шығыстың нәзік қамыр-кеспесімен),
- Немесе шығыс тәттілері дүкендерінде "Волосы ангела" деген атаумен сатылатын, қамырдан жасалған нәзік, қытырлақ тәтті "жіптермен" толтыруыңызға болады.
Бұдан да тәтті еткіңіз келсе, дайын құрманы ерітілген шоколадқа бір малып алып, мұздатқышта қатыруға болады.
Аптап ыстықта да мол ләззатқа бөлер дәмді ас осылай жасалады.
Мамандар бағасы жоғары, әрі қазақстандық сауда орындарынан табыла бермейтін меджул сорты сыртында, құрмалардың келесі сұрыптары да пайдаланылатынын қосты. Бұлар:
- Халас – тым тәтті емес, бұл тұрғыда "ұстамды", жаңғақ дәміне ие
- Бархи – ашық түсті, бірден сезілер бал дәмі бар;
- Лулу және Дерри – қою-қара түсті, "жарқын" түрде өте тәтті құрмалар.
Бұл сұрыптардың бәрі арзан емес. Олардың бірнеше артықшылығы бар: сыртқы көркем сипаты, жұмсақ мәйегі, сондай-ақ ауызда ашқылтым, кермек "шөгінді татым" (послевкусие) қалдырмайтын қанық та қою дәмі үшін жоғары бағаланады.
Өзге құрмалар сияқты бұл сұрыптарында да дәрумен-витаминдер мен минералдар өте көп.
Жалпы алғанда, кез келген балғын құрманың құрамында адамға өте қажет A, K, сондай-ақ В тобындағы дәрумендер жетерлік.
Бұдан бөлек, құрмалар калийден, магнийден, темірден, өзге минералдардан, көптеген аурудың алдын алатын антиоксиданттардан тұрады.
Дәрігерлердің айтуынша, құрма адамның ас қорыту жүйесіне оң ықпал етеді, жүрек-қантамырлар жүйесін нығайтады, адам бойына қуат құяды. Мұхаммад (с.ғ.с) Пайғамбарымыздың өз үмбетіне ауызды құрмамен ашуды өсиет етуінің де мәні зор.
Өзінің аса пайдалы құрамының арқасында бұл жеміс тек тәтті ғана емес, сондай-ақ денсаулыққа пайдалы ас болып есептеледі. Сондықтан медициналық қарсы көрсетілімдер болмаса, жиі жеуге тыйым салынбаған.