What are you looking for?

242 мыңнан астам Қазақстан азаматы атаулы әлеуметтік көмек алды

24.06.2025

АӘК-нің негізгі мақсаты — ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру

2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша 242 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсетілді, деп хабарлайды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі.

"2025 жылғы 1 маусымға 45,2 мың отбасындағы 242,4 мың адамға 13,4 млрд сомасына атаулы әлеуметтік көмек тағайындалды. 2025 жылы осы мақсатқа бюджеттен 132,9 млрд теңге қарастырылды", – делінген ведомство хабарламасында.

Бұрын хабарланғандай, АӘК-нің негізгі мақсаты — ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару.

АӘК мыналарды көздейді:

  • табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға тоқсан сайын әлеуметтік көмек тағайындау;
  • табысы аз отбасылардағы 1 жас пен 6 жас аралығындағы әр балаға 1,5 АЕК мөлшерінде ай сайынғы қосымша төлем беру. 2025 жылғы 1 маусымға АӘК алушылар қатарынан мектеп жасына дейінгі 74,5 мың балаға 1,8 млрд теңге сомасына қосымша төлем тағайындалды;
  • жұмысқа орналастыру, өз ісін ашуға ниетті отбасыларға гранттар беру, біліктілікті арттыру курстарына жіберу (қажет болған жағдайда) және басқалар арқылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу.

Оқи отырыңыз: Қазақстандағы транзакциялардың 89 пайызы қолма-қол ақшасыз жүзеге асырылады – Тоқаев


Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша мансап орталығында, ауыл округінің әкіміне сонымен қатар электрондық үкімет порталы (egov.kz) арқылы бере алады.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстандағы кедейлік шегі өңірлік медиандық табыстың 35% деңгейінде, бірақ өңірлік ең төмен күнкөріс деңгейінің 70%-нан төмен емес деңгейде айқындалған.

Social Link

Follow Me On Social Media