Ол АҚШ-тың соққысынан соң Иранның ядролық нысандары толық жойылғанын мәлімдеп отыр.
Мұндай атышулы мәлімдемені Дональд Трамптың сөзіне сілтеме жасап ТАСС ақпарат агенттігі хабарлайды, деп жазады inbusiness.kz сайты.
АҚШ президентінің сөзінше, ядролық нысандар түгел дерлік отқа оранған. Бірақ, бұған қатысты Иран әлі де сыр білдірмеді. Тіпті, өз дегенімен ғана жүретінін және ядролық бағдарламадан бас тартпайтынын ашық айтқан-ды.
– Жоғарыдан қараған кезде ядролық нысандардың жердегінің барлығын шарпығанын ұмытпаңыз. Бәрі түгел өртеніп кеткен. Менің ойымша, бұл толық қирау болды, – деді Трамп НАТО-ның Бас хатшысы Марк Рутпен кездесу барысында.
Сонымен қатар, ол америкалық БАҚ-тарды, әсіресе өзіне қарсы көзқарастағы ақпараттарды сынай жөнелді. Еске салайық, АҚШ-тағы бірқатар басылым барлау деректерін ескеріп, "АҚШ Иранның ядролық нысандарын толығымен жоя алмады" деп хабар таратқан еді.
Бұған дейін Иран АҚШ-тың айтқанымен жүрмейтінін және ядролық бағдарламадан бас тартпайтынын мәлімдеген болатын.