Биыл Маңғыстау өңірінде жалған инвестициялық жобалар туралы ақпарат таратқан 500-ден астам интернет-сайт бұғатталды. Сондай-ақ алаяқтар ғаламтор арқылы заңсыз табыс табуға қолданған 43 онлайн чат жойылған. Әлеуметтік желідегі парақшаларға облыста 2511 адам тіркелген болып шықты. Бұл туралы Ақтауда өткен форумда айтылды .
Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкерлері жедел алдын алу шаралары барысында 36 қаржы пирамидасын анықтаған. Уәкілетті орган мамандары алаяқтардың елді алдау тәсілдеріне тоқталып, көпшілікті сақ болуға шақырды.
Бердәулет Бисебаев, облыстық Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің өкілі:
- «ХХІ ғасырдың сандық триггерлері» атты форумымыз қазіргі таңда Қазақстанның барлық облысында жүріп жатыр. Бұл жерде ең алдымен дропперлер мәселесі және қаржы пирамидалары жайлы айтылады. Оның ішінде Маңғыстау облысында 86 мыңнан астам азамат тартылған 36 қаржы пирамидасы жойылды.