What are you looking for?

Петропавлда кәріз құбыры жарылып, балалар шипажайы мен аурухананы лас су басты

26.06.2025

Кәріз құбырынан аққан лас су жан-жаққа атқылап, қалалық аурухананың жертөлесін де толтырған.

Петропавлда кәріз құбыры жарылып, балалар шипажайы мен аурухананы лас су басты, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Жап-жаңа процедуралық бөлмелер нәжіс аралас суға толып, қызметкерлер жұмысты уақытша тоқтатуға мәжбүр болған. Тіпті, науқастарды көшіріп, көлкіген суды медицина мамандары өздері тазалағандарын айтады.

Шаш етектен шығынға баттық деген оңалту орталығының өкілдері кәріз құбырына жауапты компанияны сотқа береміз деп отыр.

"Солнечный" орталығы коммуналдық апаттан қатты зардап шеккен нысандардың бірі. Балаларды оңалтатын шипажайдың қызметкерлері құбырдан лап берген кәріз су әп-сәтте жертөлеге жайылып, емдеу бөлмелерін басып қалғанын айтады. Мамандар санаулы сағаттың ішінде толарсақтан лас су кешіп жүргендерін айтады. Көмекке ешкім келмеген соң қолымызға күрек алып, айналаны тазалауға кірістік дейді.

"Біз төменде орналасқандықтан қаланың барлық кәріз суы бізге ағып келді. Процедуралық кабинеттер, балаларды емдеу бөлмесі, техникалық және қойма бөлмелеріне лас су жайылды. Судың нөпірі қатты болды. Ғимаратты биыл күрделі жөндеуден өткізіп едік. Бүлінген заттардың шығынын суға жауапты компания өтесін. Керек болса сотқа да береміз", – дейді "СОЛНЕЧНЫЙ" балалар шипажайы директорының орынбасары Александр Тимонин.

Кәріз құбырынан аққан лас су жан-жаққа атқылап, қалалық аурухананың жертөлесін де толтырған. Соның салдарынан емдеу қызметкерлер мен науқастарды жоғары қабатқа көшіруге тура келіпті. Дәрігерлер адам қабылдауды да уақытша тоқтатуға мәжбүр болған.

Ал "Қызылжар су" компаниясының басшылығы коммуналдық апатқа құбырлардың әбден тозуы себеп дейді.

"Набережный көшесіндегі кәріз құбыры төрт жерден тесілді. Соның салдарынан лас су көшеге жайылды. Зардап шеккен ғимараттардан нәжіс суын сорып жатырмыз. Одан басқа кәріз желілерін жөндеу жұмыстарын бастадық. Бір құдық жөнделді. Қалғандарын қалыпқа келтіру қиын болып тұр", – дейді "ҚЫЗЫЛЖАР СУ" ЖШС бас директоры Жеңіс Сұлтанов.

Мамандардың айтуынша, кәріз желілерін қалпына келтіру үшін он күндей уақыт керек. Оған дейін қаланың апат болған аймағындағы лас суды арнайы техникамен тазаламақ.

Social Link

Follow Me On Social Media