Ақтаудағы теңіз жағалауында түркі халықтарының дәстүрлі мәдениеті мен қолданбалы өнерін насихаттайтын «Даламен үндес баба өнер» атты халықаралық қолөнер шеберлері фестивалінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Салтанатты ашылу рәсіміне ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев, Ақтау қаласының әкімі Әбілқайыр Байпақов, Ақтау қаласындағы консулдар, 11 елдің қолөнер шеберлері, зергерлер, түркітілдес мемлекеттердің және жергілікті сән үйлердің басшылары және өнерпаздар қатысты. Шарада ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев сөз сөйлеп, Ақтауда жыл бойы өтетін мәдени іс-шаралар түркі әлемінің мәдени бірлігіне үлес қосатынын атап өтті.
Қолөнермен көмкерілген әрбір мотив эстетикалық элемент қана емес, сонымен бірге болмысымыз бен тарихымыз астасқан жан дүниеміздің айнасы. Бұл кездесудің мақсаты – тек сән шарасы ғана емес, Жібек жолының ізімен өтетін өткелді еске салатын мәдени кездесу және ежелгі байланысымызды қайта жаңғырту, қайта қалыптастыру. Осы мағыналы іс-шараны өткізген Маңғыстау облысының әкіміне, Ақтау қалалық әкімдігіне шын жүректен алғысымды білдіремін. Бұл басқосудың «2025 жылы Түркі әлемінің мәдени астанасы» болып жарияланған Ақтауда өтуінің біз үшін мәні зор. Ақтауда жыл бойы өтетін мәдени іс-шаралар түркі әлемінің мәдени бірлігіне үлес қоспақ, – деді Сұлтан Раев.
Екі күнге жалғасатын ауқымды фестивальде қолөнершілер көрмесі, сән көрсетілімі, қолөнер шеберханаларының шеберлік сағаттары мен гала-концерт өтеді.