Шығыс Қазақстан облысында велоспорттан Қазақстан Республикасының Ұлттық чемпионаты жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Іс-шараға аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Барша қатысушыларды жарыстардың сәтті өтуімен және лайықты өнер көрсетулерімен шын жүректен құттықтаймын! Велоспорт – бұл тек төзімділік пен жылдамдық қана емес, бұл – денсаулық мәдениеті, тәртіп пен салауатты өмір салты. Мұндай жарыстардың өткізілуі бұқаралық және кәсіби велоспорттың дамуына үлкен серпін береді. Шығыс Қазақстан облысында велоспортты дамытуға үлкен көңіл бөлінеді, спортшыларды даярлау, жаттығу өткізу және жарыстар ұйымдастыру үшін тиісті жағдайлар жасалуда. Бізде велоқозғалысты насихаттау мақсатында спорт федерациялары және ұйымдармен ынтымақтастыққа жол ашық. Біз велоспортпен айналысу үшін қолжетімді әрі сапалы инфрақұрылымды жүйелі түрде дамытып келеміз, – деді облыс әкімі.
Өз сөзінде аймақ басшысы чемпионат ұйымдастырушыларына, төрешілерге, еріктілерге және, әрине, спортшыларға дайындықтың жоғары деңгейі мен спорттық рух үшін акимат атынан шынайы алғысын білдірді.
Облыс әкімдігі ұсынған ақпаратқа сүйенсек, спорттық апта аясында 23-29 маусым аралығында келесі жарыстар өткізілді:
Қазақстан Республикасының велоспорттан Ұлттық чемпионаты;
Қазақстан Республикасының VI Жастар спорттық ойындары;
Паралимпиадашылар арасындағы VII Жазғы спартакиада;
Masters санатындағы ардагерлер арасындағы ҚР чемпионаты.