Суға батып бара жатқан адамға көмек көрсету кезінде жағдайға қарай дұрыс әрекет ету алгоритмін сақтау өте маңызды, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
Бұл туралы дәрігер Марина Костюченко gazeta.ru сайтына берген сұхбатында айтты.
Суға кету себептері әртүрлі болуы мүмкін: бұлшықет құрысуы, жүрек-қан тамырлары аурулары, суға секіру немесе сүңгу кезінде жарақат алу. Бірақ басты қауіп – тыныс алу мен қан айналымының тоқтауынан туындайтын мидың гипоксиясы. Суға батып жатқан адамды байқасаңыз, дереу құтқару қызметіне хабар беріп, оны мүмкіндігінше тезірек жағаға шығарып, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем шақыру қажет.
1-сценарий: зардап шеккен адамның есі жоғалмаса
Егер адам есін жоғалтпаған болса, тыныс жолдарынан суды шығару қажет. Ол үшін оның денесін алға қарай еңкейтіп, жөтелуіне мүмкіндік беру керек. Зардап шеккен адамды жалғыз қалдырмай, міндетті түрде жедел жәрдем келгенше қасында болу керек. Мамандар оның әрі қарай ауруханаға жеткізілу қажеттілігін анықтайды.
2-сценарий: зардап шеккен адам ес-түссіз болса
Ес-түссіз жағдайда әрбір минут маңызды. Алдымен зардап шеккен адамды шалқасынан жатқызып, есін тексеру үшін иығынан ақырын шайқап, дауыстап үн қату қажет. Егер еш реакция болмаса, тыныс жолдарын ашу үшін басын артқа шалқайтып, 10 секунд ішінде "естимін-көремін-сеземін" әдісі арқылы тыныс алуын бағалау қажет.
Егер тыныс алу байқалмаса, жүрек-өкпе реанимациясын бастау қажет. Суға батқан адамға алдымен 5 рет жасанды тыныс беру керек, содан кейін әдеттегі схема бойынша 30 рет кеудені басып, 2 рет жасанды тыныс беру арқылы реанимацияны жалғастыру қажет. Бұл шаралар жедел жәрдем келгенше немесе адамның өздігінен тыныс ала бастағанға дейін жалғасуы керек.
3-сценарий: егер адам өздігінен тыныс алып жатса
Егер зардап шеккен адамның тыныс алуы бар немесе қайта пайда болған болса, оны міндетті түрде бір бүйірімен жатқызу керек. Бұл қалып тілді артқа кетіп, тыныс жолдарын жабудан сақтайды және судың асқазан-ішек жолдарына өтіп кетуінің алдын алады.
Бұған дейін суға батып кетті деген ер адам тірі табылғаны туралы жазған едік.