Куәлік мерзімі бітпеген жағдайда 073/е медициналық анықтамасын қағаз түрінде тапсырудың қажеті жоқ.
"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Алматы филиалы жүргізуші куәлігін жоғалтқанда не істеу керектігін еске салды.
Мұндай жағдайда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келесі құжаттарды алып бару керек:
- жеке басты куәландыратын құжат;
- 1,25 АЕК (2025 жылға 4 921 теңге) мемлекеттік баж салығы төленген түбіртек.
Орталықта жүргізуші куәлігін қайта жасататын адам түсініктеме жазуы тиіс. Ал 073/е нысанды медициналық анықтама тек жүргізуші куәлігінің мерзімі өткен жағдайда ғана ұсынылады.
Ескерту: енді 073/е медициналық анықтамасын қағаз түрінде тапсырудың қажеті жоқ. Медициналық тексерудің нәтижесі автоматты түрде ақпараттық жүйеге келіп түседі. Сондай-ақ, психоневрологиялық және наркологиялық диспансерлерден анықтамалар ұсыну талап етілмейді.
"Барлық керекті құжаттарыңызды өткізгеннен кейін жүргізуші куәлігінің дубликаты 90 минут ішінде әзірленеді. Ал жоғалған ескі құжатыңыз автоматты түрде жарамсыз болады", – делінген "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының Алматы филиалының түсіндірмесінде.
Жүргізуші куәлігін ауыстыру қажет жағдайлар:
- Жүргізуші куәлігінің мерзімі аяқталды;
- Жеке мәліметтер өзгерді (аты-жөні өзгерген жағдайда);
- Жүргізуші куәлігі жоғалды;
- Жаңа жүргізуші санаты қосылды;
- Пайдалануға жарамсыз күйге түсті.
Еске салайық, мамандар жүргізуші куәлігін мерзімі бітуге 1-2 ай қалған уақытта ауыстыруға кеңес береді.
Оқи отырыңыз:
Қазақстанда жүргізуші куәлігінсіз және ішімдік ішіп көлік жүргізетіндерге жаза күшейтілді
Жаңа ереже: енді жүргізуші куәлігіне үміткерлер екі факторлы аутентификациядан өтеді