2025 жылғы 30 маусымда Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Күн тәртібінде қаралған жалғыз мәселе – 8-шақырылымның III сессиясын жабу, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Сессияның аяқталғанын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлімдеді.
"Құрметті депутаттар, Үкімет мүшелері мен шақырылған қонақтар! Бүгін біз 8-шақырылым Парламентінің III сессиясының жұмысын аяқтап отырмыз. Біздің шақырылым өкілеттік мерзімінің жартысын өткерді. Бұл – біздің бірлескен жұмысымыздың бел ортасы, шарықтау шегі", – деді ол.
Оның айтуынша, депутаттық корпус президенттің сайлауалды бағдарламасы аясындағы заңнамалық бастамалар блогын іс жүзінде орындаған.
"Үшінші сессия барысында Парламент палаталарының үш бірлескен отырысы және Сенат пен Мәжілістің 39 пленарлық отырысы өтті. 158 заң жобасы қаралып, олардың 89-ы қабылданды. Сессия барысында біз әлеуметтік саясат пен азаматтарымыздың мүддесі бұлжымас басымдық екенін айқын көрсеттік. Бұл, ең алдымен, елдің басты қаржылық құжаты – үш жылдық бюджетте көрініс тапты. Атап айтқанда, шығыстардың шамамен 40%-ы әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды. Әсіресе білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік төлемдер салаларына баса назар аударылды", – деп қосты ол.
Сондай-ақ, ол жаңа Салық, Бюджет және Су кодекстерінің қабылданғанын еске салды.
"Бұл парламенттік маусымда депутаттар азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатын айқындайтын өзекті мәселелерді де назардан тыс қалдырмады. Атап айтқанда, балаларды кешенді қолдау шаралары жалғасты. Өткен сессияда біз "Ұлттық қор – балаларға" заңын қабылдадық, ал биылғы сессияда осы жұмысты жалғастыра отырып, "Келешек" атты бірыңғай ерікті жинақтау жүйесінің заңнамалық негізі жасалды. Жиналған қаражатты қазақстандық және шетелдік колледждер мен ЖОО-ларда білім алуға, сондай-ақ тұрғын үй сатып алуға пайдалануға болады. Бұл – мемлекеттің қазақстандық балалардың білімі мен болашағына салған тамаша инвестициясы", – деп атап өтті Ерлан Қошанов.
Сондай-ақ, ол үлестік құрылыс саласын реттеу мен азаматтардың құқықтарын қорғауға, қаржы қызметтерін алушылардың құқықтарын күшейтуге бағытталған маңызды нормаларға тоқталды.
"Біз онлайн режимде кепілсіз жылдам несиелер беру тәжірибесін қайта қарау міндетін қойдық. Енді әрбір несие өтініміне 24 сағаттық "суыну кезеңі" енгізіледі. Осы уақыт ішінде банк те, несие алушы азамат та шешімін қайта саралап, барлық тәуекелдерді бағалай алады. Бұдан бөлек, мерзімді әскери қызметшілерге несие мен микронесие беруге тыйым салынады. Мұның бәрі азаматтарды қаржылық қиындықтардан қорғап, алаяқтық әрекеттер жағдайында банктерге дер кезінде шара қолдануға мүмкіндік береді", – деп түсіндірді Қошанов.
Айта кетейік, депутаттар есірткі айналымына және ойын тәуелділігіне қарсы іс-қимыл нормаларын да қабылдады.