What are you looking for?

"Барлығына базалық медициналық көмек қолжетімді" - Парламент жұмысының қорытындысы

30.06.2025

2025 жылғы 30 маусымда Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтті. Бүгінгі жиында депутаттар 8-шақырылымның III сессиясын қорытындылады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Сессияның аяқталғанын Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлімдеді. Оның сөзінше бұл жолы азаматтардың денсаулығын қорғау мәселесіне бұрын-соңды болмаған дәрежеде назар аударылды.

"Депутаттар Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі кейбір тәсілдерді қайта қарады. Медициналық көмектің бірыңғай топтамасы енгізілді. Енді сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық азаматқа базалық медициналық көмек беріледі. Жұмыссыз жүрген және жұмыс істемейтін адамдар үшін Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналарын төлеу жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі",- деді ол.

Сонымен қатар, Қошанов ұсынылған шаралардың арқасында миллионнан астам қазақстандық қосымша сақтандыру жүйесімен қамтылғандығын атап өтті.

Бұдан бөлек, міндетті онкологиялық скрининг мемлекеттік тегін медициналық көмек қызметтері тізбесіне енгізілді.

"Бұл маңызды шара үш жарым миллион адамды қамтиды. Құлағы нашар еститін, бірақ мүгедектігі жоқ азаматтарды есту протездерімен жергілікті бюджет есебінен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. Бұл шара көп адамның, әсіресе балалардың өмірін жақсартуға, олардың әлеуметтік ортаға оңай бейімделуіне мүмкіндік береді". Ерлан Қошанов

Тақырыпты қорытындылай келе, Қошанов денсаулық сақтау саласында әлі де түйткілді мәселелер бар екенін, бұл жұмысты Үкіметпен бірге келесі сессияда жалғастыратындығын айтты.

Бұған дейін қазақстандық депутаттардың демалысқа шыққандығы хабарланған болатын.

Social Link

Follow Me On Social Media