Қазақтың ұлы геолог-ғалымы, академик Қаныш Сәтбаевтың немересі Әлима Жармағамбетова дүниеден озды. Қаралы хабарды Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жеткізді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.
"Өткен аптада ел ғылымы орны толмас қайғыға ұшырады...
Біртуар ғалым, ел ғылымына өлшеусіз үлес қосқан атақты ғалым, дара тұлға Қаныш Сәтпаевтай тектінің тұяғы – Әлима Жармағамбетова апайымыз дүниеден озды", — деп жазды Саясат Нұрбек Facebook желісіндегі парақшасында.
Министрдің айтуынша, химия ғылымдарының докторы Әлима Қайнекейқызы 1973 жылдан бүгінгі күнге дейін ұзақ жыл бойы Д.В. Сокольский атындағы Жанармай, катализ және электрохимия ғылыми-зерттеу институтында инженер, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, бас ғылыми қызметкер, институт директорының орынбасары секілді түрлі лауазымдарды абыроймен атқарып, соңғы жылдары органикалық катализ зертханасының меңгерушісі болған.
"Қаныш Имантайұлының өз сөзімен айтсақ, "маман, білімді ғылым кадрлары – біздің негізгі күшіміз, ғылымдағы басты тұлға". Әлима Қайнекейқызы осындай тұлғалардың қатарында болды", — дейді Саясат Нұрбек.
Бұдан бөлек, Әлима Жармағамбетова "Кинетика және катализ", "Экологиялық катализ", "Мұнай химиясы", "Полимермен тұрақтандырылған наноқұрылымды катализаторлар" пәндері бойынша магистранттар мен докторанттарға дәріс оқып, көптеген шәкірт тәрбиелеген.
"Ғылымға өз үлесін қосып, білгенін кейінгі буынға үйретуден жалыққан жоқ.
300-ден астам ғылыми мақаланың авторы атанып, еңбектері халықаралық беделді басылымдарда жарияланды. Оның ішінде Scopus мәліметтер базасындағы CiteScore көрсеткіші 35-тен кем емес басылымдарда 6 мақала және CiteScore көрсеткіші 20-дан кем емес басылымдарда 4 мақаласы жарық көрген Ә.Жармағамбетованың ғылымдағы жолы бізге үлгі.
Германия, Франция, Италия, Финляндия, Мажарстан, Түркия, Ресей және Өзбекстан елдерінде өткен халықаралық конференцияларға қатысып, қазақ ғылымының атын әлемге танытты.
Марқұмның отбасына, туған-туыстарына, әріптестеріне және барша ғылыми қауымға қайғырып көңіл айтамын. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын", — деп жазды Саясат Нұрбек.