Әлемдік өнер сахнасында беделімен ерекшеленетін Витебскідегі “Славян базары” халықаралық фестивалі биыл да жаңа таланттардың есімін ашады. Қазақстаннан аттанатын орындаушылар анықталып, ел намысын қорғауға әзір. Олардың бірі – Жетісу облысы филармониясының солисі Алмагүл Батталиева, ал екіншісі – небәрі 7-сыныпта оқитын, Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Қайназар ауылынан шыққан жас әнші Нағашыбай Мирас. Еl.kz тілшісі байқауға жолдама алған қатысушылармен арнайы сұхбат құрып, олардың дайындық барысы мен шынайы әсерлерін білген еді.
Ән әлемінде есімі танылып келе жатқан Алмагүл Батталиева бұл байқауға жолдаманы тек таланттың ғана емес, төккен тер мен табандылықтың нәтижесі деп біледі.
Бұл байқауға жайдан-жай тап болмадым. 8 жыл қатарынан ұлттық іріктеуге қатысып, кішігірім тәжірибе жинап, осы жолы ғана бұйырып отыр. Шүкір, бұған дейінгі конкурстарымнан орынсыз қайтпадым, бұл жолы да жүлде бұйырады деген үміттемін, – дейді Алмагүл.
Әншінің айтуынша, халықаралық сахнада дара көріну үшін ұлттық нақыш пен заманауи стильдің үйлесімі аса маңызды. Ол осы идеяны толық жүзеге асыру үшін белгілі музыкант Мәди Рымбаевпен жұмыс істеп, ерекше аранжировка дайындапты.
Басты мақсатым – ұлттық бояуды сақтай отырып, оны заманауи аранжировкамен ұсыну. Әнімде жанды дауыстағы аспаптармен үндестікке құрылған ерекше атмосфера болады. Бір ғана әннің артында тоғыз адамдық шығармашылық топ жұмыс істеді, – дейді әнші.
Алмагүлдің өнер жолында оны тәрбиелеген ұстаздары да ерекше орын алады. Олардың қатарында вокалдан сабақ берген Меруерт Мүсірәлі, ҚР халық әртісі Нағима Есқалиева, сондай-ақ ұлттық іріктеудің негізін қалаушы Қарлығаш Әбдікәрімова бар.
Нағашыбай Мирас: Бұл сахна – мен үшін үлкен арман
Биылғы байқаудың тағы бір үміткері – 13 жастағы Нағашыбай Мирас. Оның аты елімізде ғана емес, шетелдік конкурстарда да аталып жүр. Бұған дейін Ресей, Түркия, Дубайдағы байқаулардың жеңімпазы атанған Мирас енді “Славян базары” сахнасында бағын сынамақ.
Бұл менің алғашқы байқауым емес. Бірақ “Славян базары” – мүлде басқа деңгей. Бұл сахнада өнер көрсету менің шығармашылық жолымдағы үлкен белес. Жасым кіші болса да осындай ауқымды іс-шарада Қазақстанның атынан қатысу – үлкен мәртебе, – дейді Мирас.
Байқауға дайындық та аса жауапкершілікпен өткен. Мирастың айтуынша, күн сайын вокалмен, сахналық мәдениетпен жұмыс істеу арқылы ол өзін кәсіби орындаушы ретінде шыңдаған.
Дайындық өте тығыз әрі қызықты өтті. Ұстазым Әділ Ахметжанов әрбір детальға мән беріп, үлкен сахнаға лайықтап дайындады, – дейді ол.
Нағашыбай Мирас ұлттық музыканы қазіргі заманға бейімдеп жеткізуді мақсат тұтады. Ол байқау сахнасында қазақ тіліндегі заманауи әрі ұлттық бояуы анық сезілетін ән орындайды. Шабытын кәсіби сахнада жанды дауыспен ән салып, тыңдарманын харизмасымен баурай білетін өнерпаздардан алады.
Димаш Құдайберген мен Әмре – мен үшін үлкен үлгі. Олар жанды дауыспен өнер көрсетіп, сахнада еркін, әсерлі жұмыс істейді. Мен де сол бағытпен жүріп, өз жолымды тапқым келеді, – дейді жас талант.
Қорытынды
“Славян базары” – әншіге тек вокалдық шеберлігін емес, мәдениетін, ұлттық болмысын танытатын үлкен мүмкіндік. Биылғы Қазақстанның атынан қатысатын екі орындаушы – Алмагүл мен Мирас осы сенімді ақтауға дайын. Әрқайсысы өз жолымен жетілген, өз үнімен ерекшеленетін тұлғалар. Ал біз, көрермен, олардың жеңіспен оралатынына сенеміз.
Айта кетейік, “Славян базары” халықаралық өнер фестивалі аясындағы байқау 8-9 шілде күндері балалар арасында, ал 12-13 шілдеде ересектер арасында өтеді. Жеңімпаздар осы күндері анықталмақ.