Көкшетау қаласында ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған заманауи оңалту орталығының құрылысы жалғасып жатыр, деп хабарлайды El.kz интернет порталы.
150 орындық жаңа нысан Мемлекет басшысының тапсырмасы мен «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында салынып жатыр. Партия бағдарламасы барлық азаматтың қоғам өміріне тең қатысуына жағдай жасауды көздейді. Құрылыс барысын бақылау үшін Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Наталья Дементьева барды.
Орталық «Сарыарқа» шағынауданында орналасқан, жалпы аумағы 12 мың шаршы метрден асады. Құрылыс аяқталған соң мекемеде жыл сайын 1500-1800 адамға медициналық қызмет көрсетіледі. Кешен тәулік бойы ем-дом алуға және оңалтудың барлық қажетті түріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Алайда жобаны қайта пысықтау мен қаржыландырудың жеткіліксіздігіне байланысты орталық 2027 жылы ғана пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.
Осындай оңалту орталықтарының бой көтеруі – өңірлердегі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың қызметтерге қолжетімділігін кеңейту жолындағы үлкен қадам. Мұндай мекемелер ерекше қажеттіліктері бар жандардың денсаулығын қалпына келтіріп, өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Біз Президент тапсырмаларының мерзімінде орындалуын, мыңдаған отбасы үмітінің ақталуын қадағалаймыз. Облыс орталығында өмірлік маңызы бар нысанның жылдар бойы іске қосылмауын ақтауға келмейді. «AMANAT» партиясы жағдайды түзеу үшін нақты шаралар қабылдануын, ал тапсырманың мерзімінде орындалмауына жауапты тұлғалардың анықталып, жауапқа тартылуын талап ететін болады. Мұндай нысандар бос тұрмай, халық игілігіне қызмет етуі тиіс, – деді депутат Н.Дементьева.
Көкшетаудағы жоба партияның «Кедергісіз келешек» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама тек нысандар салумен шектелмей, қалалық ортаны жан-жақты бейімдеуді де қамтиды. Тек Ақмола облысының өзінде 1037 нысан, соның ішінде мектептер, ауруханалар, мұражайлар, спорт залдары заманауи талаптарға сай жаңартылды. Алдағы бір жарым жылда бұл тізімге тағы 176 ғимарат қосылады. 2027 жылға дейін облыс бойынша 958 нысанды бейімдеу жоспарланған. Оларға пандустар орнату, тактильді көрсеткіштер, арнайы лифтілер қою сияқты жұмыстар жүргізіледі.
Өңірде инклюзивті білім мен спортқа да айрықша көңіл бөлінген. Мектептерде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға жағдай жасалып, олардың отбасыларына нақты көмек көрсетіліп келеді. Сонымен қатар инватакси қызметін дамыту, зейнеткерлер мен мүгедектігі бар азаматтарға тегін жол жүру мүмкіндігін ұсыну қолға алынған. Қазіргі таңда мұндай шаралар Көкшетау мен Бурабайда жүзеге асып жатыр.