АҚШ-тың Өкілдер палатасы Дональд Трамп ұсынған бюджет шығындары мен салық туралы заңды бекітті, деп хабарлайды 24kz.
218 конгресмен қолдап, 214-і қарсы дауыс берген. Енді құжат президентке қол қоюға ұсынылады. Осының алдында заң жобасы Сенатта қаралып, аздаған өзгеріс енгізілген еді. Жаңа құжатта әскери салаға бөлетін қаржыны көбейту, кейбір әлеуметтік бағдарламаларды қысқарту және мемлекеттік қарыз шегін 5 триллион долларға арттыру қарастырылған. Сондай-ақ Трамптың бірінші президенттігі кезінде жарияланған салық жеңілдіктері сақталады. Конгрестің Бюджет басқармасының есебі бойынша осы заңға байланысты АҚШ-тың мемлекеттік борышы алдағы 10 жылда 3 триллион 300 миллиард долларға ұлғаяды. Енді 12 миллион америкалық медициналық сақтандырудан қағылуы мүмкін.