Алматыда Н.Сац атындағы Орыс мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театры күрделі жаңғыртудан өтуде.
Театр кіреберісіне мәрмардан жасалған панно орнатылады. Бұл – кезінде Дінмұхамед Қонаев ұсынған, бірақ жүзеге аспай қалған идея, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Әуезов аудандық әкімдігі мен өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған баспасөз туры кезінде журналистер құрылыс барысымен танысты.
Жобаның жетекшісі Асқар Сағындықовтың айтуынша, тарихи ғимараттың сәулеттік ерекшеліктері сақталып, қайта қалпына келтіріледі. Мозаикамен көмкерілген барельеф, баспалдақтар, қанаттар мен Чехословакиядан әкелінген люстралар қалпына келтірілуде. Люстралар арнайы жөндеу үшін бөлшектеліп жөнелтілген.
– Жобаны әзірлеу кезінде Қонаевтың бұрынғы сызбасын таптық. Ол кіреберіс маңына мәрмар панно орнатуды жоспарлапты. Бірақ ол жоба жүзеге аспай қалған. Енді біз осы идеяны толық жүзеге асырмақпыз, – деді Сағындықов.
Жаңғырту жұмыстары аяқталған соң театрдың ішкі және сыртқы келбеті айтарлықтай өзгереді. Жертөле мен техникалық қабаттар кеңейіп, жалпы алаң 9 800 шаршы метрден 14 680 шаршы метрге дейін ұлғаяды. Залдағы орын саны 781-ден 744-ке дейін азайтылады, себебі көрермендерге ыңғайлы болу үшін орындықтар жаңартылып, қатар аралықтары кеңейтіледі.
Театр аумағында 220 орындық кіші сахнасы бар жаңа ғимарат бой көтеруде. Ол Black Box форматына сай салынған. Бұл кеңістік әртүрлі спектакльдерге бейімделіп, түрленіп отырады. Жаңа сахна негізгі ғимаратпен жабық өткел арқылы байланысады.
Жобаның жалпы құны – 23,9 млрд теңге. Қазір құрылыс жұмыстарының 56%-ы, ал жаңа сахнаға қатысты жұмыстардың 65%-ы орындалған. Жобаны толық аяқтау 2026 жылдың шілдесіне жоспарланған.