Қазақстанда 3500-ден аса бала қатерлі ісікке шалдыққан. Бұл – Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметі.
Оларға мемлекет тарапынан отандық орталықтарда емделуге тегін квота бөлінеді. «Жаман ауруға» душар болғандардың бірі – петропавлдық 8 жастағы Әлтайыр Еркебұлан. Қазір оның ата-анасы баланың сауығып кетуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр.
Ата-анасының алдында асыр салып ойнап жүрген Әлтайырдан 2023 жылы ойламаған жерден қан обыры анықталады. Науқас бір жыл Астанада емделіп, дертінен құлан таза айығып шыққан. Бірақ бұл қуаныш ұзаққа бармай, бала тағы да жедел лимфобласты лейкозға шалдықты. «Ендігі үміт – қытайлық дәрігерлерде», — дейді әкесі Данияр.
Данияр Тәліпов, Әлтайырдың әкесі:
- Қытайлық дәрігерлердің қызметі 130 млн теңге тұрады. Оған балама CART терапия жасалып, сүйек кемік майы ауыстырылады. Уақыт тығыз. Бірақ біз үмітімізді үзбейміз. Қазақстанда тек сәулемен емдейді. Бірақ оның ағзаға тигізер зияны өте көп.
Қазір баланың ата-анасы қол қусырып отырмай, операцияға ақша жинап жатыр. Жақында Данияр сол үшін Петропавлдан Астанаға дейін жалғыз өзі қайырымдылық велошеруін ұйымдастырды. Оның бұл қадамын көпшілік қолдап, қолдан келгенше көмек көрсете бастады. Әзірге Әлтайырдың еміне 42 млн теңге жиналды.
Меруерт Тәліпова, Әлтайырдың анасы:
- Халқыма алғыс айтамын. Өйткені бізге үлкен көмек болды. моральдық қолдау ретінде де болды, ақшалай да көмек болды. Бірақ та бізде қазір қаражат әлі толық емес. Сондықтан сіздерден өтініп сұраймын, көмектеріңізді аямасыңыздар деген үміттемін.
Бұл бір ғана отбасының жағдайы емес. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қазір Қазақстан бойынша 3700-ге жуық бала қатерлі ісік дертіне шалдыққан.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков