Мемлекеттік қорға қайтарылған пайдаланылмай жатқан 11 миллион гектар ауыл шаруашылығы жерлері мал шаруашылығын дамыту мақсатында халыққа бөлініп берілді
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Үкімет отырысы барысында премьер-министр пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік қорға қайтару жөніндегі жұмыстарға тоқталды. Мұндағы шешімдер, сондай-ақ, жемшөп базасын қалыптастыруға да бағытталып отыр.
«Тұрақты мал азығы қорын қалыптастыру мақсатында биыл жем-шөп дақылдарының егіс алқабы 3,3 миллион гектарға дейін ұлғайды. Сондай-ақ, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекеттік қорға қайтару шараларының арқасында 2022 жылдан бастап 11 миллион гектар жайылымдық алқап кері қайтарылды. Оның көп бөлігі халыққа қайта бөлініп берілді», — деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар, премьер-министр еліміздің мал шаруашылығы саласының ішкі әлеуеті зор екенін атап өтті. Мал басын көбейту жұмыстарын жалғастыра беру қажеттігіне назар аудартты. Оларды заңсыз әкетуге жол бермеу және аналық малды субсидиялауды қолдау маңызды екенін айтты, бұл өз кезегінде өнімнің негізгі түрлері бойынша импортты алмастыру мәселесін шешуге мүмкіндік бермек.
Олжас Бектенов қыс айларында ауыл шаруашылығы жануарларын жем-шөппен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 1 қазанға дейін мал азығын дайындау науқанын аяқтауды тапсырды.
«Ауыл шаруашылығы министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, қыс айларында ауыл шаруашылығы жануарларын жем-шөппен үздіксіз қамтамасыз ету үшін 1 қазанға дейін мал азығын дайындау науқанын аяқтасын», — деп тапсырды премьер-министр Үкімет отырысы барысында.
Сонымен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесе отырып, асыл тұқымды аналық мал басын сатып алу үшін қолда бар ресурстар шеңберінде мал шаруашылығын жеңілдікпен несиелеудің жаңа бағыттарын енгізу мәселесін пысықтауы қажет.