What are you looking for?

Әлемнің бірқатар елінде аптап ыстық қайтпай тұр

08.07.2025

Жаз шыққалы әлемнің бірқатар елінде ыстықтың беті қайтар емес. Сынап бағанасы бұрын-соңды болмаған сандарды көрсеткен. Еуропаның кей өңірінде температура бірден 10 градусқа көтерілсе, Өзбекстан астанасы Ташкентте 150 жылда болмаған ыстық тіркелді.

Биыл Испания мен Португалияның кейбір аймақтарында ауа температурасы +50 градустан асты. Ғалымдардың айтуынша, Еуропада биыл күн әдеттегіден ертерек ысыған. Құрлықтағы өзгерісті мына анимациадан да көруге болады.

Азияда да жағдай мәз емес. Өткен жексенбіде Қытайдың басым бөлігінде бір мезетте сынап бағанасы +35 градустан асқан. Ал Жапониядағы 47 префектураның отызында ыстыққа байланысты ескерту жарияланды. Ел астанасы Токиода маусымның ең жоғары температурасы тіркелді. Далада жұмыс істейтіндер желдеткіші бар күртеше киюге міндеттелген.

Таками Окамура, құрылысшы:

Бұрын мұндай күртелерді кимейтінбіз. Адамдар да ыстықтан көп зардап шекпейтін. Ал қазір бұл күртелерді кимей жұмыс істеу мүмкін емес.

Көршілес Өзбекстан астанасы Ташкентте 150 жылда болмаған ыстық тіркелді. Көлеңкенің өзінде сынап бағанасы +43,5 градусты көрсетіп тұр. Елдің денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, аптаптан бір аптада 250 мыңға жуық қоңырау түссе, соның 172 мыңнан астамы жүрек қан тамырлары сырқатына шағымданған тұрғындар.

Дильфуза Хикматова, Ташкент қалалық Санитарлық- эпидемиологиялық қадағалау басқармасының бөлім басшысы:

Тікелей түскен күн сәулесінен қорғану әрдайым маңызды. Ал жеміс жидекті жегенде сақ болған абзал. Нитраты көп болса адам улануы мүмкін. Ыстық күндері жұрт шөл басамын деп қауын қарбыз жеуге құмар. Бұл өнімдерді кез келген жерден сатып алудан аулақ болған жөн екенін ескертеміз.

Ал Қазгидрометтің мәліметінше, Қазақстанда 9-22 шілде аралығында бірқатар облыста күн қатты ысиды. Тіпті, өрт қаупі туралы ескертілді.

Аружан Муратова, «Қазгидромет» РМК баспасөз хатшысы:

Күндізгі сағаттарда ауа температурасы Батыс Қазақстан, Атырау, Ақтөбе облыстарында 42 градус – өте қатты ыстыққа дейін, Маңғыстау облысында 43 градус — өте қатты ыстыққа дейін, Қызылорда облысында 45 градус – өте қатты ыстыққа дейін жоғарылауы күтіледі. Осы облыстарда температуралық фонның жоғарылауы болжамымен жоғары және төтенше өрт қаупі күтіледі.

Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның бас хатшысы Селеста Саулоның айтуынша, кейінгі жылдары күн ысып қана қоймай, апатты құбылыстар көбейген. Мұздықтар еріп, мұхит деңгейі көтеріліп жатыр. Ал мұның бәрі ауаға шығатын зиянды газдардың салдары.

Темірлан Нұржанұлы

Social Link

Follow Me On Social Media