Қытайда «Данас» тайфуны соғып, қала мен елді мекендерді жайпап барады , деп хабарлайды 24kz.
Жойқын дауыл салдарынан 2 адам көз жұмып, 500-ден астамы түрлі жарақат алды. Төтенше жағдайға байланысты елде әуе рейстері мен теміржол қозғалысы тоқтатылды. Әлеуметтік нысандар жабылып, тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр.
Қытайдың оңтүстік өңірінде теңіз дауылы ойран салып жатыр. Әсіресе, Тайвань өңірі қатты жапа шекті. 660 мыңнан астам тұрғын үй жарықсыз қалды. Байланыс үзіліп, 179 әуе рейсі тоқтатылды. Су көліктері мен теміржол бағыттары шектелді. 5 мыңға тарта жолаушылар мен балықшылар кемесі жағаға шығуға мәжбүр болды.
Линь Цзайчжан, Балық аулау кемелерін басқару станциясының басшысы:
- Балықшылардың жұмысы тоқтап қалды. Ең бастысы – қауіпсіздік. Теңізге шығу мүмкін емес. Биіктігі 8-9 метрлік толқындар соғады. Кемелер мен теңізшілерді шұғыл жағаға шығаруға тура келді. Қазір 2 мыңнана аса балықшылар кемесі қауіпсіз жерде тұр. Шағын аралдардан 2 мыңдай турист эвакуацияланды.
Елдің ұлттық метеорологиялық қызметінің мәлімдеуінше, мұндай жағдай кейінгі 120 жылда болмаған. Елдің оңтүстік батысындағы Сычуань провинциясында да ахуал мәз емес. Бірнеше күн бойы нөсер жауып, 12 қаланы су басты. Балабақша, мектептер мен жолдарды су шайып кетті. Лай көшіп, тұрғындар жаппай эвакуацияланып жатыр. Із-түзсіз жоғалғандар бар.
Чжан Цзи, жергілікті тұрғын:
- Жаңбыр күннен күнге күшеюде. Тайфун қалаға қарай жылжып келеді. Бүгін ешкім жұмысқа шыққан жоқ. Көп адамдар қауіпсіз жаққа қашып жатыр.
Табиғи апат салдарынан 300-ден астам су қоймасы толып тұр. Өзендер тасып, көп жерде тұрғын үйлер мен көліктерді шайып кетті. Қазір тайфун елдің шығысына қарай жылжып барады. Жергілікті билік шұғыл баспасөз мәжілісін өткізіп тұрғындарды сабыр сақтап, абай болуға шақырды.
Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Мадияр Ерсайын