What are you looking for?

Қарағандыда велосипед ұрлаған күдіктілер ұсталды

10.07.2025

Қарағандыда күн жылынғалы бері велосипед тебушілер көбейгенімен, бұл маусым кейбір тұрғындар үшін сәтсіз басталды.

Қалада велосипед ұрлығы жиілеп, әсіресе көпқабатты үйлердің кіреберістерінде қараусыз қалған екі дөңгелекті көліктер оңай олжаға айналуда.

Тіпті сенгіш балаларды алдап соғатын алаяқтар да кездесуде. Шілде айының басында Қарағандының Оңтүстік-Шығыс ауданындағы үйлердің бірінің ауласында белгісіз ер адамның жасөспірімнің велосипедін иемденіп алғаны жайлы жедел басқару орталығына ақпарат түсті.

Жедел әрекет еткен полиция қызметкерлері 38 жастағы қала тұрғынын ұстады. Жәбірленуші өз велосипеді екенін бірден таныды.

Тағы бір оқиға Жаңа-Майқұдықта тіркелді. Полиция бөлімінің қызметкерлері 21 жастағы күдіктіні "ізін суытпай" қолға түсірді. Ол алты велосипед ұрлығына қатысы барын мойындады. Тергеу барысында келтірілген жалпы шығын 500 мың теңгеге жуықтағаны анықталды.

Күдіктілер ұрланған велосипедтерді ломбардтарға өткізіп отырған. Қазіргі таңда тергеу-жедел тобы заттай дәлелдемелерді тәркілеп, заңдастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Аталған деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Күдіктінің басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы анықталуда. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Social Link

Follow Me On Social Media