What are you looking for?

Ислам даму банкі Қазақстанның инфрақұрылымдық жобаларына 1,1 млрд доллар бөледі

11.07.2025

Қаражат арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту жобаларына жұмсалады.

Қазақстан мен Ислам даму банкі инфрақұрылымдық жобалар бойынша ниеттер туралы хаттамаға қол қойды, деп хабарлады Үкіметтің ресми сайты.

Джидда қаласында Қазақстан Республикасы Үкіметінің өкілі – ҚР премьер-министрінің кеңесшісі Нұрлан Байбазаровтың Ислам даму банкінің президенті Мұхаммед Сүлейман әл-Джассермен екіжақты кездесуі өтіп, тараптар Қазақстандағы басым инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру саласындағы ынтымақтастықты тереңдету мүмкіндіктерін талқылады. Олар арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарда инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударды. Тараптар осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін Ислам даму банкінен 1,1 млрд долларға дейінгі сомаға қаржыландыру тарту туралы келісімге келді.

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ислам даму банкі арасында ниеттестік туралы хаттамаға қол қойылды. Құжат тараптардың арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды дамыту шеңберінде исламдық қаржыландыру құралдарын қолдана отырып, жобаларды қаржыландыру тетіктерін тәжірибе жүзінде пысықтауға өзара дайындығын көрсетеді.

Аталған ынтымақтастықты жүзеге асыру елдің инфрақұрылымдық дамуына қуатты серпін береді, 1,6 трлн теңгеден астам инвестициялар ағынын қамтамасыз етеді және 16 мыңнан астам жұмыс орнын ашады деп күтілуде, бұл өз кезегінде Қазақстанның жедел индустрияландырылуына және экономикалық әртараптандырылуына ықпал ететін болады.

Бұл бастама 2024 жылғы 25 маусымда қол қойылған Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ислам даму банкі арасындағы стратегиялық өзара іс-қимыл туралы негіздемелік бағдарламалық келісімде айқындалған бағытты жалғастырады. Осы келісім аясында тараптар жалпы сомасы 8 млрд доллардан асатын инвестициялық жобаларды іске асыру ниетін растады.

Жүзеге асырудың бірінші кезеңі климатқа тұрақты су ресурстарын дамыту жобасы болды, ол үшін Ислам даму банкі өз тарихындағы ең ірі қарыз – 1,15 млрд доллар сомасына несие берді. Қаражат жалпы ұзындығы 3 618 шақырым болатын 8 су қоймасын салуға және реконструкциялауға, сондай-ақ 115 суару каналын жаңғыртуға бағытталған. Жоба елдің су және экологиялық қауіпсіздігін арттыруға бағытталған және ауыл шаруашылығын тұрақты дамыту үшін негіз қалыптастырады.


Оқи отырыңыз:

  • Үкімет Ақтаудың жылу желілерін қайта құруға 3,6 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлді
  • Сенаторлар шетелден келетін жеміс-жидекке кедендік баж енгізуді ұсынды. Үкіметтің ұстанымы қандай

Social Link

Follow Me On Social Media