What are you looking for?

КОКП ОК саяси бюросының соңғы мүшесі өмірден өтті

12.07.2025

КСРО-дағы қайта құру сәулетшілерінің бірі, КПСС Орталық Комитеті Саяси бюросының соңғы мүшесі Вадим Медведев қайтыс болды. Кеңестік партия қайраткері және экономист-ғалым 96 жасында өмірден өтті, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Наша Нива" басылымына сілтеме жасап.

Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясы таратқан хабарламада:

"97 жасқа қараған шағында Вадим Андреевич Медведев өмірден өткенін қайғыра хабарлаймыз. Ол — Қоғамдық ғылымдар академиясының бұрынғы ректоры, көрнекті мемлекет және партия қайраткері, экономист, ғалым еді", – делінген мәлімдеме.

Медведев 1929 жылғы 29 наурызда Ярославль облысындағы Мохоньково ауылында дүниеге келген. Ленинград университетінің экономика факультетін тәмамдаған. 1970 жылдан бастап КОКП ОК аппаратында жұмыс істеді. 1980-жылдары ол КОКП ОК хатшысы, Идеология жөніндегі комиссияның төрағасы, Саяси бюро мен Президенттік кеңестің мүшесі болды.

Ол Михаил Горбачевтің жақын серіктерінің бірі болды және қоғамдағы демократиялық өзгерістерді қолдады.

КОКП ОК-де идеология мәселелерін қадағалай жүріп, Медведев идеологиялық және ақпараттық либерализацияға елеулі үлес қосты:

- кейбір басылымдарға салынған тыйымды жоюға,

- жазылуға қойылған шектеулерді алып тастауға,

- "арнайы қордан" әдебиеттерді, соның ішінде Александр Солженицын мен Лев Троцкийдің еңбектерін қайта айналымға шығаруға бастамашы болды.

- Сонымен қатар, сталиндік репрессия кезінде сотсыз жазаланған азаматтарға қатысты шешімдерді заң жүзінде жою туралы актілерді дайындауға қатысқан.

- 1989 жылдың күзіне қарай жоғары оқу орындарындағы КОКП тарихы мен ғылыми коммунизм курстарының орнына әлеуметтік-саяси тарих пәнін енгізуді ұсынған.

Кеңестік жүйе күйреп, КСРО тарағаннан кейін Медведев саясаттан кеткен. Ол Ресей ғылым академиясының Экономика институтында жұмыс істеп, "Горбачев қоры" жобаларымен айналысқан.

КОКП Саяси бюросының кейінгі құрамының өкілдері 2020-жылдары біртіндеп өмірден өтті. Мәселен, Михаил Горбачев пен Беларусь КСР-інің бұрынғы басшысы Николай Слюньков 2022 жылы, ал КСРО Үкіметінің бұрынғы төрағасы Николай Рыжков 2024 жылы қайтыс болған.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget

Social Link

Follow Me On Social Media