Қазақстандық XDS Astana Team командасы Қытайда өткен көпкүндік "Цинхай көлі турын" сәтті аяқтады.
Жарыстың жалпы есебінде Хенок Мулюбырхан топ жарып, турдың жеңімпазы атанды. Сондай-ақ ол ұпай классификациясында үздік болды. Команда сапынан Харольд Мартин Лопес жалпы есепте үшінші орын иеленді.
Финалдық кезең Сихайчжэн қаласында өтіп, 121,3 шақырымдық жарыс жолынан кейін жаппай спринтпен аяқталды. Бұл кезеңде Аарон Гейт үздік үштікке ілігіп, үшінші орыннан көрінді. Ал XDS Astana Development Team командасының велошабандозы Сантьяго Умба соңғы кезеңде тамаша шабуыл жасап, екі аралық спринтті жеңіп, Хеноктың көшбасшылығын нығайтуға үлес қосты.
"Бұл жеңістің мен үшін маңызы зор. Бірнеше ай бұрын бапкерлермен бірге жарыс күнтізбесін талқылап, Цинхайды басты мақсат ретінде белгілеген едік. Команда апта бойы жоспар бойынша әрекет етті. Нәтижесінде көшбасшы жейдесін сақтап, бірінші және үшінші орындарды жеңіп алдық. Барлық әріптестеріме алғыс айтамын", — деді жарыс жеңімпазы Хенок Мулюбырхан.
Сондай-ақ команданың спорт директоры Дмитрий Седун да жарыстың жоғары деңгейде өткенін атап өтті:
"Басты мақсатымыз жалпы классификацияда жеңіске жету болатын. Жарыс өте күрделі өтті. Қарсыластар мықты дайындықпен келген. Ақтық сәтке дейін барлығы белгісіз болды. Бірақ команда шеберлік танытты. Жолда Гадзоли сырқаттанып, жарыстан шығып қалғанына қарамастан, қалған алты шабандоз үлкен еңбек етті. Енді елге жеңіспен ораламыз", — деді ол.
Осылайша астаналық команда жаңа маусымдағы жарыстар сериясын жалғады.