What are you looking for?

"Балаларға шетелдің сапасыз дүниелерін ұсына бергеннен, өзіміздің контентті ұсынған мың есе артық" - Педагог

17.07.2025

Педагог , филиолог Орынгүл Алмат Caravan.kz медиа порталының тілшісіне сұхбат берді.

Қазір балалар қандай контентті қолданып жүр?Ол баланың психологиясына, мінез-құлқына қалай әсер етеді? Қазақ тіліндегі балалар контентінің қазіргі жағдайы қалай?

Осы және өзге де сұрақтарға филолог, педагог әрі әлеуметтік желіде балаларға кітап оқуды қызықтырып жүрген блогер Орынгүл Алмат жауап береді.

Балаларға арналған сапалы контент қандай болу керек?

— Әуелі құндылықтар дұрыс насихатталуы тиіс. Ол қарапайым ғана мейірімділік немесе қоғамға пайда әкелу, жай ғана адамгершілік құндылықтар дұрыс жеткізілуі тиіс. Біз қазіргі кезеңде ең маңызды тәрбиеде болсын, даму, өсу жолында болсын ең маңызды деген нәрселерге керісінше дұрыс фокус қоймай жатырмыз. Балалар дәл осы дұрыс насихатталған құндылықтармен бойы толысады, мінезі қалыптасады және сонымен бірге рухы шыңдалады. Бір-біріне көмектесу, жақсылық жасау, айналаға зиян тигізбеу деген сияқты қарапайым ғана нәрселер болмаған кезде қазір өте қатты белең алған өзімшілдік көп кері әсер етеді. Сондықтан осындай дұрыс адамгершілік құндылықтар насихатталған контент баланың болашағы үшін де, болмысы үшін де, жас шыбықтай қатая қоймаған нәзік жан үшін де дұрыс дүниелер пайдалы болады.

Бүгінгі таңда қазақстандық балалар қандай контент тұтынып жүр?

— Толыққанды нашар немесе толыққанды жақсы деңгейде деп айта алмайын. Кейбір ата-аналар балалар заманынан қалмасын дейін десе ондай контенттің де жаңа айтып өткенімдей мәні, мағынасы болмайтын тұстары көп. Ал керісінше тек ұлттық құндылыққа сусындасын, еліміздің мәдениетін, тарихын бойына сіңіріп өтсін дейін десек оны да кішкене кем көретін ата-аналар бар. Сондықтан меніңше қазір біз сондай тұрақсыз кезеңдеміз. Кеменің басы қайда бұрылса, сонда бұрылып кетейін деп тұрған тұрақсыз кезеңдеміз. Таразының басын тең ұстап әрі заман көшіне ілесіп, сонымен қатар өзіміздің ұлттық мәдени-мұрамызды бойына сіңіріп екеуін қатар ұстаған ата-аналардың балалары оза шабады деп ойлаймын.

Қазіргі балалар контенті баланың психологиялық дамуына қалай әсер етеді?

— Меніңше бұл өте ойландыратын нәрсе. Олардың зейіндерінің тұрақсыздығы. Қысқа мерзімді, жарық етіп жоқ болатын трендтегі контентті тұтынған бала шыдамсыз келеді. Зейінін бір жерге шоғырландыра алмайды. Қарапайым тұрмыстық шаруларды орындаған кезде де, бұл оған қиындық тудырады. Яғни, балалар шыдамсыз, терең ойланғысы келмейді немесе оған ойланайын десе де қауқары жетпейтіп, өзіне анализ жасай алмайтын, сыни ойлауы қосылмай психологиясы дағдарысқа ұшырайды. Өз жасына сай психологиялық жетілмеген жағдайға тап болған балалар көбейіп жатқаны жасырын емес. Контент арқылы бала тек ақпарат емес, мінез-құлық үлгісін, тілдік нормаларды, эмоцияны білдіру тәсілдерін бойына сіңіреді. Егер контент балаға өзін, сезімін түсінуге, жанашырлық пен өзара сыйластыққа баулыса – бұл оның ішкі әлемінің тепе-теңдігін қалыптастырады. Ал мазмұнсыз, асығыс және агрессияға толы бейнелер керісінше баланың зейінін әлсіретіп, мазасыздық пен агрессияны арттыруы мүмкін. Сондықтан сапалы, байсалды әрі жас ерекшелігіне сай контент – баланың психологиялық денсаулығы үшін аса маңызды.

Баланың мінезі мен көңіл күйі ол көретін контентке байланысты өзгеруі мүмкін бе?

— Әрине өзгеруі мүмкін. Өйткені, баланың миы өте әлсіз. Психологиялық аппараты дұрыс жетілмеген, ол өзі көрген контентті анализ жасап, өзінің миында сүзгіден өткізе алмайды. Сондықтан контентті көргеннен кейін оны тура солай ешқандай фильтірсіз, анализсіз соны қайталауы мүмкін немесе тосыннан болатын истерика, тосыннан көңіл күйі күрт құбылуы, бір сәтте қатты күліп отырады да, бір сәтте көңіл күйі қатты түсіп сөз ұқпастан истерикаға беріледі. Ондайды қабылдамайтын да әрине балалар болады. Егерде өзімізде көрсетіліп жүрген, мысалы мемлекеттік «Балапан» телеарнасының жобаларын көрсе бала жаман болмайды. Бұл мультфильмдер, анимациялық фильмдер балалардың дамуына, жетілуіне үлкен көмегін тигізеді. Ал егерде баланың не көріп отырғанын тексермей, түрлі шетелдік контентті көретін болса онда жаңа мен айтқан жағдайлар орын алуы әбден мүмкін.

Баланың мінез-құлқы мен көңіл күйіне ол көретін контенттің әсері өте жоғары. Егер бала үнемі агрессияға, дөрекілікке толы видеолар көрсе, ол бейсаналы түрде сол мінез үлгілерін қалыпты деп қабылдауы мүмкін. Ал, керісінше, мейірімділікке, достыққа, ынтымаққа құрылған контентті көрген балада жұмсақ мінез, жанашырлық секілді қасиеттер дамиды. Сондықтан баланың психологиялық дамуы үшін экран алдындағы контенттің мазмұнына ата-ана мен педагог тарапынан сараптамалық бақылау қажет.

Қазақ тіліндегі балалар контентінің қазіргі жағдайын қалай бағалайсыз?

— Қазақ тіліндегі балалар контенті өте сәтті. Жаңа айтып өткендей балалар өз контентімізді, өз тіліміздегі контентті көрсе жаман болмайды. Ал баланың шыдамсыз болуы, истерикаға алып келеді деп айтып отырғаным ол сүзгіден өтпейтін шетелдік контенттер. Қазақ тілінде сәтті аударылып жатқан дүниелер көп. Ол біздің баспаларымыз болсын, мультфильмдер, ертегілеріміз болсын, телефондағы қосымшалар болсын. Балаларға сәтті, сапалы аударып жүрген баспалар көп. Түрлі шетелдік кітаптар, ертегілер сәтті түрде аударылуда. Қазақ тіліндегі ойыншықтар да көп. Соның барлығын балаларға дұрыс, жүйелі түрде ұсынсақ, балаларға қызығушылықтарын оятсақ, қазір қазақша контентті көбірек ұсынсақ дұрыс жаққа қарай, баланың дұрыс бағытқа бұруына себепкер боламыз. Ешқандай фильтр жасалмаған, интернетте тарап жүрген видеолар балаларға көбірек зиянын тигізеді. Балаға әйтеуір көрсін қосып қойып жатамыз. Шетелдің сапасыз дүниелерін ұсына бергеннен, өзіміздің контентті ұсынған мың есе артық.

Сіздің ойыңызша балаларға арналған контентте қандай тақырыптар қамтылуы керек?

— Қарапайым бірақ өте маңызды қағидаттар. Мейірімділік, қайырымдылық. Оқуға деген қызығушылықты шақыру. Ғылымға жол деген сияқты адамға қажет тақырыптар ақырындап жасына сай, жүйелі түрде балаларға үнемі көрсетіліп отыруы керек. Қазақ тілді балаларға арналған контент соған қарай келе жатыр. Мысалы, Youtube-ты ашқанның өзінде де барынша сәтті жасап жатқан қазақ тілді контенттер бар. Егер осы жолмен жүре берсек, жаман болмаймыз.

Сондай-ақ, балаларға арналған контент бір ғана көңіл көтеру құралы емес, ол — баланың ой-өрісін, мінез-құлқын, тілін, танымын қалыптастыратын маңызды құрал. Сондықтан контентте тек ертегі немесе мультфильм ғана емес, сонымен бірге табиғат, ғылым негіздері, эмоцияларды түсіну, достық, экология, денсаулық, тіпті қауіпсіздік ережелері сияқты тақырыптар да қамтылуы қажет. Баланың жас ерекшелігіне сай әртүрлі тақырыпты қызықты формада беру — басты міндеттердің бірі

Балалар контенті тек мультфильм немесе анимациялық фильм емес. Өзіңіз айтып өткендей кітаптар, ертегілер де жатады. Балалар кітап оқу үшін не істеу керек?

— Ең алдымен кітапты күнде көретін, көзі көретін жерлерге қою керек. Ойыншық сияқты шашылып жатса да болады. Оқу бұрышын жасап қойса ата-ана тіпті жақсы. Одан кейін кітапты марапаттау құрал ретінде пайдалану керек. Мақтаған кезде «тәтті беремін» деп емес, «кітап сылаймын» деп шабыттандыру қажет. Баланың басы копи паст сияқты. Балаға кітап оқыту емес, оқығаныңды көрсету өте маңызды дегім келеді.

Бүгінде балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру үшін ең алдымен оларға үлгі көрсету маңызды. Баланың жанында кітап оқитын ата-ана, кітапты бірге талқылайтын мұғалім болса — оқуға деген ынта да артады. Сонымен қатар, жастарына сай қызықты кітаптар таңдап, оны ойынмен немесе шығармашылықпен байланыстыру — оқу процесін қызықты әрі есте қаларлық етеді. Осылайша, кітап оқу жаза емес, күнделікті сүйікті әрекетке айналуы керек

Қазіргі таңда балалар контенті дамып келе жатыр. 2024 жылы қазақтілді мультфильм жасауға 350 миллион теңге бөлінген еді. Осыған байланысты депутат Асхат Аймағамбетов қазақ тілінде қызықты контентке қол жеткізу мүмкіндігі туралы айтқан еді.

“Мәселен, «Балапан» телеарнасының контент жасаушыларға төлейтін қаражаты өте аз болғандықтан, олар тек қазақ тілін қолдау мақсатында жұмыс істеп, көбіне волонтёр сияқты әрекет етеді. Сондықтан осы бюджет арқылы бөлінген қосымша қаражат қазақша контенттің сапасын арттыруға ықпал етеді деп сенеміз,” – деді мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, тек техникалық қолдау емес, нарықты ғылыми тұрғыдан зерттеу де қажет. Балалар қандай контентті тұтынады, қандай платформада, қандай жас ерекшеліктерге сәйкес – мұның бәрін нақты зерттеу арқылы анықтау қажет.

Social Link

Follow Me On Social Media