Тоқаевтың тапсырмасы бойынша балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаев қаласына көшіру мәселесі тоқтатылды. Бұл туралы президенттің кеңесшісі — Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлімдеді.
Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаев қаласына көшіруге байланысты жағдаймен танысқан Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдыға оқушылардың оңтүстік астанада білім алуын жалғастыру үшін балалар үйіне жөндеу жұмыстарын жүргізуді және аталған нысанды қаланың балансына алуды тапсырды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, балалар үйі көшірілмейді.
Аталған жағдайға байланысты Президент Әкімшілігі қызметтік тексеріс жүргізеді.
Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заң шеңберіндегі барлық құқығы толық сақталады.