Марат Әбиев қылмыстық топ құрып, экономикалық контрабандамен айналысқаны үшін 9 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Egemen.kz Қаржы мониторингі агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Марат Әбиевтің сыбайластары 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Сот шешімі бойынша айыпталушылардың мүлкі тәркіленіп, олардың контрабандалық жолмен алынған 6 млрд теңгеден астам қылмыстық табысы тәркіленген.
Бұған дейін агенттік Марат Әбиев пен оның сыбайластары — Антон Новицкий, Жанібек Дарибаев, Евгений Гребнев, Аманай Махметов — қатысты алдын ала тергеу аяқталғанын хабарлаған еді.
Естеріңізге сала кетейік, 2018-2022 жылдар аралығында аталған тұлғалар ұйымдасқан топ құрып, Ақтөбе облысындағы МӨЗ-да ЕАЭО аумағында көлемі 50,6 мың тонна болатын сатуға тыйым салынған «К-2» экологиялық класты дизель отынын өндірген. Кейін бұл дизель отыны басқа мұнай өнімі ретінде 11,3 млрд теңгеге сатылып, соның ішінде 22,6 мың тоннасы 6,7 миллиард теңгеге шетелге контрабандалық жолмен шығарылған.
Айта кетейік, мұнай өнімдерінің заңсыз айналымынан түскен қылмыстық табыс арқылы «Genesis» (немесе «Болашақ сәулетшілері») атты заңсыз қоғамдық бірлестіктің қызметі қаржыландырылған, оны құрып басқарғаны үшін 2023 жылдың 21 тамызында Марат Әбиев 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын.
Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.