Қазақстандықтардың зейнетақы жинақтарының көлемі 01.07.2025 жылға 24 трлн теңгеден асып, бір жыл ішінде 4 трлн теңгеден аса немесе 20,9% өсті, деп хабарлайды БЖЗҚ-ның баспасөз қызметінен.
Міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтары 2025 жылғы 1 шілдеге 22,85 трлн теңгеге жетіп, 12 айда 18,7% ұлғайды.
Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары (МКЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы 12 ай ішінде 10,2% өсіп, 683,10 млрд теңгені құрады.
Ең көп жылдық өсімді ерікті зейнетақы жарналары (ЕЗЖ) бойынша жинақтар көрсетті. Олар 12 ай ішінде 35% артып, 8,73 млрд теңгеге жетті.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап салымшылардың (алушылардың) зейнетақы шоттарына түскен жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) есебінен зейнетақы жинақтарының сомасы 2025 жылғы 1 шілдеге 463,98 млрд теңге болды.
Жинақтардың өсуі зейнетақы жарналарының түсімдерімен, сондай-ақ инвестициялық табыспен қамтамасыз етіледі. Жыл басынан бері салымшылардың жеке және шартты зейнетақы шоттарына 1 575,45 млрд теңге жарна түсті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 19,8% (немесе 260,05 млрд теңгеге) артық.
МЗЖ есебі жүргізілетін жеке зейнетақы шоттарына (ЖЗШ) жыл басынан бастап 01.07.2025 жылға 1 294,56 млрд теңге түсті (өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда МЗЖ көлемі 11,7% — ға ұлғайды), МЗЖ — 67,87 млрд теңге (19,8% — ға өсім), ЕЗЖ — 1,38 млрд теңге. 2025 жылдың алғашқы 6 айында ЖМЗЖ есебінен жарналар 211,65 млрд теңгені құрады.
Жыл басынан бері салымшылардың шоттарына есептелген таза инвестициялық табыс шамамен 350,7 млрд теңгеге жетіп, алдыңғы айлардағы табыстың уақытша төмендеуін тоқтатты.
БЖЗҚ-дан жарналардың барлық түрлері бойынша жасалған төлемдер мен сақтандыру ұйымдарына аударымдар 782,87 млрд теңгені құрады. Бұл былтыр жасалған төлемдерден 325,24 млрд теңгеге (немесе 71,1%) көп.
Төлемдердің басым бөлігі тұрғын үй жағдайларын жақсартуға және емделуге арналған біржолғы зейнетақы төлемдерінің (БЗТ) еншісінде — 451,58 млрд теңге.
Зейнет жасына толуына байланысты 6 ай ішіндегі төлемдер — 118,79 млрд теңге.
Жыл басынан бері 01.07.2025ж. дейін мұрагерлік бойынша 34,58 млрд теңге, ҚР-дан тыс жерге тұрақты тұруға кетуге байланысты 19,18 млрд теңге, мүгедектігі бар адамдарға — 1,58 млрд теңге, жерлеуге — 5,36 млрд теңге көлемінде төлем жасалды. Сақтандыру ұйымдарына 151,78 млрд теңге аударылды.
Зейнетақы активтеріне қатысты барлық өзекті ақпарат enpf.kz сайтындағы "Статистика және аналитика" бөлімінде орналастырылған.