What are you looking for?

Павлодарда зауыттардың ауаны ластауы азайды

28.07.2025

Қоршаған ортаға шығарылатын зиянды қалдықтар көлемі төмендеді.

Павлодар облысының еліміздің индустриялық орталығы екені белгілі. Мұнда түрлі өндірістік өнім шығаратын ірі зауыттар жұмыс істейді, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі.

Бұл өз кезегінде экологиялық жүктемені арттыратыны сөзсіз. Яғни, кәсіпорындардан ауаға айтарлықтай зиян келетіні бар. Дей тұрғанмен, кейінгі уақытта өндіріс орындарына экологиялық талап күшейтілген соң шығарындылардың көлемі де айтарлықтай азайға байқалады.

Қолданыстағы заң нормаларын орындау мақсатында компаниялар заманауи технологияларға көшіп, жаңа құрал-жабдықтар қоя бастады. Айталық, "Қазақстан алюминийі" АҚ қақтау цехында гибридті сүзгілердің орнатылуы есебінен шығарындылар көлемі 5500 тоннаға азайды.

Сол сияқты Павлодар мұнай-химия зауытында отын шығынының азаюы, бұған дейін шырақта жағылған газдың қайта пайдалануы нәтижесінде шығарындылар 800 тоннаға кеміді.

"Облыстағы өндірістік орындардың қоршаған ортаны ластайтын заттарды шығару көлемі жыл сайын азайып келеді. Атап айтқанда, 2021 жылы 730 мың тонна қалдық шығарылса, 2022 жылы 726 мың тонна болды. 2023 жылы 703 мың тонна, былтыр 697 мың тонна қалдық тіркелді. Осы жылдың алғашқы жартыжылдығында 322 мың тонна ластаушы заттардың шығарылғаны белгілі болды. Бұл өткен жылыдң сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27 мың тоннаға аз", — дейді Павлодар облысы бойынша экология департаментінің басшысы Қанат Мұсапарбеков.

Ал қалдықтардың өзін қалаларға бөлер болсақ, зиянды заттардың ең көбі, яғни 44% Екібастұз қаласына тиесілі. Ақсудағы қалдықтардың үлесі 26%, Павлодардағы кәсіпорындар шығаратын ластаушы заттардың көлемі 25%-ды құрап отыр.

Social Link

Follow Me On Social Media