Соңғы бірер күнде валюта нарығындағы жағдай тұрақсыз – 1 доллар бастапқыда 537 теңгеден, содан кейін 540 теңгеден, ал қазір 543 теңгелік көрсеткіштен асып кетті. Мұндай жағдайда кемі жыл аяғына дейін базалық мөлшерлеме төмендейді деп күтудің қажеті шамалы. Трейдерлер мен сыртқы факторлардың қысымында қалған Ұлттық банкті (ҰБ) экономиканың өсуі мен инфляцияның әлсіреуі ғана құтқарып қалмақ. Сарапшы Әнуар Үшбаевтың айтуынша, теңге бағытында қатып қалған қағида жоқ. Себебі біздің валюта әлем экономикасына ықпал ете алмайды.
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің уәжіне қарасақ, бағамға басты қысымды нарық факторлары жасап тұр. Бұлар – бюджет қаржысының белсенді игерілуі, импорттық сатып алудың өсуі, маусымдық дивидендтік төлемдер және туристік сұраныстың артуы.
«Бізге интервенция жасап, теңге бағамын тұрақтандыру туралы айтып жатады. Егер бағам құбылмалы және спекулятивті факторлар әсерінен тұрақсыз болса, онда ол кеңесте шындық бар болар еді. Ал бағам нарықтық және фундаменталдық факторлар әсерінен жоғары-төмен жылжып жатса, онда ешқандай интервенция көмектеспейді. Ол тек залалын тигізбек. Біз ұлттық резервті ақылмен басқаруымыз керек. Ұлттық банк биржа мен банкаралық нарықтағы жағдайды бақылауда ұстап отыр және күрт құбылу мен спекулятивті операциялар боғлан жағдайда жылдам әрекет етуге дайын», деді.
Сарапшы сөзінше, ҰБ басшылығына қисынсыз болжам айтудың қажеті шамалы.
«Сарапшыларға шеті ғана көрініп тұрған жұмбақтың шешуі Ұлттық банкке белгілі. Халық үркіп қалмасын деп неше түрлі болжамдарымен нарықты сабырға шақырып отыр. Олар картаны ашпайынша біз нақты себептерді біле алмаймыз», дейді Әнуар Үшбаев.
Ел ішінде нарық Ұлттық банктің бақылауынан шығып, қаржы трейдерлерінің бақылауына өтті деген пікір де айтылып қалады. Бағамға қысымның өсуі импорт бағасының өсуі есебінен инфляциялық тәуекелдерді күшейтеді. Ал енді бірі нарық жаңа бағытқа жүйелене бастағанын айтып жатыр. Макроэкономикалық жағдай бейтарап күйінде қалып отыр. Бірақ валютаға деген сұраныстың артуы – факт. Біреулер доллар сатып алады, бәлкім, ірі импорттаушылар немесе инвесторлар.
Ақша нарығында кез келген батылырақ, позитивті болжамның жолын кесіп тұрған өлі тыныштық орнады. TONIA мөлшерлемесі 15,62%-ға дейін аздап төмендеді, SWAP-1D кірістілігі 11,31%-ға дейін төмендеді. Жүйеде теңгелік өтімділіктің артық болуы бағамды ұстап тұруға тиіс. Бірақ шетел валютасына деген сұраныс өсуін жалғастырып жатыр. Осы тербелістер аясында қор нарығы керісінше, жанданды. KASE индексі 1,3%-ды қосты, ҚМГ мен екі ірі банктің акциялары өсіп жатыр. Экономикаға деген сенім бар сияқты.
Сарапшылардың сөзіне сенсек, теңге тербелісіне мұнай бағасы әсер етіп отыр. Екінші басты себеп – мұнайдың кейінге қалдырған ықпалы. Мұндай болжамды ерте көктемде сарапшы Олжас Байділдинов айтқан болатын. Мұнай бағасы да жасыл аймақта. Brent екінші күн қатарынан барреліне 69,4 долларға дейін қымбаттап отыр. Бұған АҚШ пен Үндістанның сауда келіссөздеріндегі прогресс, сондай-ақ әлемдік нарықтағы дизель отынының тапшылығы әсер етеді.
Мамыр айында мұнай бағасы барреліне (фьючерстер) 60 долларға дейін төмендеді, ал ел бюджеті 75 доллар мен 470 теңге бағамын негізге ала отырып қалыптасты. Егер баға бірнеше ай бойы 65 доллар деңгейінде қалса, онда тепе-теңдік бағам – сол 542,3 теңге.
Ішкі және сыртқы индикаторлар тұрақты болған жағдайда валютаның күтпеген жерден әлсіреуі нарықты шайқап, бизнес пен халықтың үрейін тудырып, баға белгілеуге әсер етіп, тіпті инвестициялық жоспарларды тежеуі мүмкін. Егер доллар өсуін жалғастырып, ал шетел валютасына сұраныс тұрақсыз болып қалса, Ұлттық банк нарыққа интервенциямен шығуы немесе бағамды бақыланатын дәлізде ұстап тұру үшін басқа құралдарды пайдалануы мүмкін. Себебі бағамның ұзаққа созылған тұрақсыздығы – жай ғана экономика емес, сенім мәселесі.
АЛМАТЫ