Шілде айында отандық мұнай-газ секторында жақсы жаңалықтар болды. Әсіресе еліміз ұзақмерзімді өндіріс стратегиясы аясында Қытай мен Үндістанға жанармай экспортын арттыруды көздеп отыр. Сондай-ақ Қара теңіз арқылы тасымалданатын мұнай экспорты қайта жанданды. Үкімет биылғы алғашқы жартыжылдықта қара алтын өндірісін 11,6%-ға арттырды. Сонымен қатар еліміздің OPEC+ құрамынан шықпайтыны да белгілі болды.
Жуырда ғана Reuters агенттігі «Әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан мұнай өндіруші елдердің бірі Қазақстан жанармай экспортын Қытай, Үндістан және Орталық Азия елдеріне арттыруды жоспарлап отыр», деп жазды. Әлемдік медиа алпауыты бұл мәліметті еліміздің Энергетика министрлігінің ресми ақпаратына сүйеніп таратты. Яғни Үкімет мұнай өңдеу саласын дамытуды көздейтін 2025–2040 жылдарға арналған ұзақмерзімді тұжырымдамасын бекітті. Бұл стратегия жаһандық энергетикалық өзгерістер жағдайында саланың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Энергетика министрлігі әзірлеген құжат инфрақұрылымды жаңғыртуға, экспортты кеңейтуге және тұрақты тәжірибелерді енгізуге инвестиция салуды көздейді. Бұл елдің Орталық және Оңтүстік Азия нарығындағы позициясын нығайтуға мүмкіндік бермек.
«Соңғы жетістіктерге негізделген стратегия: Атырау, Павлодар және Шымкенттегі үш негізгі МӨЗ-ді жаңғыртудан кейін мұнай өңдеудің жалпы қуаты жылына 17 млн тоннаға жетті. Өңдеу тереңдігі 89%-ға дейін артты, ал мотор жағармайын өндіру Euro-4 және одан жоғары стандарттарға сәйкес келеді. Бұл өзгерістер ішкі сұранысты 90-95% қамтамасыз етіп, жоғары қосылған құны бар өнімді экспорттауға негіз болды», деп жазды Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.
Тұжырымдамаға қайта өңдеу қуатын екі еседен аса көлемге арттыру жоспары негіз болып отыр. Нақтылай түссек, қайта өңделетін мұнай көлемін жылына 18 млн тоннадан 39 млн тоннаға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Бұл мақсатқа қолданыстағы мұнай өңдеу зауыттарын кеңейту және жаңа мұнай-химия кешенін салу арқылы қол жеткізу жоспарланыпты.
Стратегиялық құжатта қазіргі жаһандық сын-қатерлерге бейімделу қажеттілігі де көрсетілген. Олардың қатарына Азияда мұнай өнімдеріне деген сұраныстың артуы мен декарбонизация қысымы кіреді. Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) бағалауы бойынша, Азиядағы сұраныс 2030 жылға дейін жыл сайын 2-3% деңгейінде өседі деп күтіліп отыр. Осыған байланысты Қазақстан саланы ESG қағидаттарымен интеграциялауды, сондай-ақ өндірісте жаңартылатын энергия көздеріне көшуді жоспарлап отыр.
Оған қоса Қытай, Үндістан және Орталық Азия елдеріне бағытталған экспортты ұлғайту жоспарланған. 2040 жылға қарай экспорттың жалпы өндірістегі үлесін 30%-ға дейін жеткізу мақсаты қойылған. Ал аталған құжатта еліміздің мұнай қоры 30 млрд баррель екені көрсетілген, сол арқылы шетелдік инвестициялар мен серіктестерді тартуға жол ашу көзделген.
Тұжырымдаманың тағы бір мұраты – әлемдік «жасыл» энергияға көшу үдерісін үдетіп, еліміздің шикізат экспорттаушыдан жоғары технологиялы қайта өңдеуші ретінде өңірлік көшбасшыға айналуына жағдай жасау. Құжат мұнай өңдеу зауыттарын цифрландыру бойынша қанатқақты жоба ретінде биыл іске қосылмақ.
Сонымен қатар жақында Ресейдің қауіпсіздік қызметі шетелдік танкерлерге Қара теңіз порттарына кіруге рұқсат бере бастады. Осылайша, еліміздің мұнай экспорты бір күнге жуық уақытша тоқтағаннан кейін қайта жанданды. Еліміздің мұнайы негізінен Каспий құбыр консорциумы (CPC) арқылы Ресейдің Қара теңіз порттары – әсіресе Новороссийск арқылы әлемдік нарыққа шығатынын ескерсек, бұл шешім біз үшін үлкен маңызға ие. Яғни бұл маршруттың уақытша жабылуы еліміздің мұнай экспортына тікелей қауіп төндіретіні жасырын емес. Бір күндік тоқтап қалудың өзі әлемдік мұнай тасымалына әсер етіп, бағаларды өсірді. Яғни бұл Қазақстанның жаһандық энергетикалық жүйеде өзіндік орны бар маңызды ойыншы екенін көрсетті.
Дегенмен геосаяси тәуекелдерге деген тәуелділік тұрғысынан алып қарасақ, бұл жағдай еліміздің мұнай экспорты Ресейдің ішкі шешімдеріне тәуелді екенін тағы да айқындап берді. Қалай десек те, біздің тарап ресейлік порт иелерімен келіссөздер жүргізіп, техникалық және сақтандыру мәселелерін реттеуге тырысты. Бұл еліміздің сыртқы саясаттағы дипломатиялық икемділігі мен бейбіт шешім табуға деген ұмтылысын көрсетеді. Еліміз ешқандай саяси мәлімдеме жасамай-ақ, тек логистика мен қауіпсіздікке басымдық беріп, тығырықтан шыға алды.