What are you looking for?

Шымкенттің құрылыс нарығын дамытуға арналған ғылыми жобалар ұсынылды

10.03.2025

Шымкентте өндірістік қалдықтарды қайта өңдеп, құрылыс нарығына қажетті материалдар шығару ұсынылды.

Халықаралық конференцияға қатысушылардың айтуынша, отандық ғалымдардың ғылыми жобалары саланы одан әрі дамытуға арқау болады. Жиында инновациялық стартаптар таныстырылды.

Бақытжан Сәрсенбаев цемент қалдықтарын қайта өңдеу арқылы бетонның беріктігін арттыруға болатынын дәлеледі. Тәжірибелік зертханада әзірленген ғылыми жобаның авторлық құқығы да қорғалды. Экономикалық тиімді әрі экологиялық пайдалы өнім жаппай өндіріске енгізілді.

Бақытжан Сәрсенбаев, технология ғылымдарының докторы:

- Өндірістік қалдықтар жер бетінде жатып, эрозияға ұшырайды. Одан шаңдар бөлінеді. Ол шаңдар атмосфераны ластайды. Сосын жауын жауғанда жер асты суларын да бүлдіреді. Ал біздер оны жаңа технологияларды қолдану арқылы кәдеге жаратамыз.

Инновациялық өнім келесі жылдан бастап жол құрылысына қолданылады. Осыдан кейін университет ғалымдары өнеркәсіптік және техногендік қалдықтарды қайта кәдеге жаратуға көңіл бөліп отыр. Айтуларынша, елдегі мол қорды қайта өңдеу арқылы түрлі метал бұйымдары мен заманауи құрылыс материалдарын жасап шығаруға болады. Индустрияның бұл саласын ғылыми негіздеу нәтижесінде «Жасыл» экономиканың дамуына да жол ашылады.

Қуаныш Иманалиев, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің кафедра меңгерушісі:

- Қоспалар, өндіріс қалдықтары және байланыстырғыш заттар арқылы алынатын өнімдер өзінің жылу сақтағыш қабілеттері, физика-механикалық қасиеттері бойынша басқа құрылыс материалдарымен салыстырғанда 10-15 есе жоғарғы көрсеткіштер көрсетеді.

Ғылыми зерттеулердің нәтижесі мен келешегі халықаралық конференцияда қозғалды. Академик, техника ғылымдарының докторы Жамбыл Айменовтың қатысуымен табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселесі талқыланды. Шетел сарапшылары мен мемлекеттік орган өкілдері де саланы дамыту үшін тараптардың іскерлік ынтымақтастығы маңызды екенін айтады.

Бахадыр Нарымбетов, Қалалық Мәслихаттың төрағасы:

- Құрылыс саласының дамуы ол бірінші кезекте әлеуметтік мәселелерді шешеді. Тұрғын үй салу саласында да мықты материал болуы керек, екіншіден оның бағасы арзандау болуы керек. Сонда біздің пәтердің бағалары арзан болып, сапасы жоғары болады. Сондықтан осы сала әкімдікке де өте тиімді.

Биыл демографиялық өсімі жоғары аймақта 1 млн 200 шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған. Сондықтан құрылыс нарығын сапалы материалмен қамтуға ғалымдардың ғылыми жетістіктерін пайдалану ұсынылып отыр.

Social Link

Follow Me On Social Media