Бұл туралы "Жолаушылар тасымалы" АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.
Туристер арасында танымал бағыттардың көлік қолжетімділігін арттыру және жолаушыларға жайлы жағдай жасау мақсатында "Жолаушылар тасымалы" АҚ "Астана-1 – Бурабай курорты" бағытында №6811/6812 қосымша қала маңы электр пойызын жолға шығарды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Электр пойызы әр сәрсенбіде қатынайды.
Астанадан сағат 11:00-де шығып, 13:35-те Бурабай станциясына жетеді. Кері бағытта пойыз 14:15-те жолға шығып, 17:00-де Астанаға оралады.
"Пойыз құрамында 4 вагон бар. Жолаушылар үшін 1, 2 және 3-сыныптағы қызмет көрсету түрлері қолжетімді. Вагондар кондиционерлермен, ауа тазарту жүйесімен, биоәжетханалармен, мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы орындармен, ыңғайлы орындықтармен, велосипед қоятын орындармен және Vputi.kz медиапорталына қолжетімді тегін Wi-Fi желісімен жабдықталған", – делінген хабарламада.
Қала маңы бағытындағы жолаушылар пойызына билеттерді жөнелтуге 10 күн қалғанда сатып алуға болады.