What are you looking for?

"7 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген": ІІМ өкілдері желіде жалған ақпарат тарататындар жазаланатынын ескертті

31.07.2025

Ішкі істер министрлігі өкілдері қазақстандықтарға желіде жалған ақпарат тарату мен арандатушылық үшін жауапкершілік көзделгенін ескертті, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ ведомствоның Polisia.kz ақпараттық медиа-порталына сілтеме жасап.

Ведомство өкілдерінің хабарлауынша, соңғы уақытта желіде, мессенджерлерде және басқа да онлайн-платформаларда әдейі жалған ақпарат таратып, арандатушылық тудыру жағдайлары жиілеп кеткен. Тәртіп сақшылары мұндай әрекеттер қоғамдық ахуалды тұрақсыздандырып, сенімге селкеу түсіріп, жанжалдарға себеп болатынын айтады.

"Фейк тарату – қылмыстық жауапкершілікке әкелетін іс-әрекет. Жалған ақпарат таратқаны үшін жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген", — деп ескертті Ішкі істер министрлігі өкілдері қазақстандықтарды.

Елде жарты жылдың ішінде жалған ақпарат жариялау бойынша 47 қылмыстық іс тіркелген.

Мысалы Түркістан облысында бір азамат әлеуметтік желіде шетелдік инвесторларға жер берілді деген жалған ақпарат таратқан. Сот үкімімен ол кінәлі деп танылып, жауапқа тартылды.

Ұлтаралық, діни немесе әлеуметтік алауыздықты қоздыру фактілері де ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Бұл – ауыр қылмыс, ол үшін заңнамада 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. 2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында осындай фактілер бойынша 64 қылмыстық іс қозғалды. 15 адам сотталды, олардың тоғызына бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылды. Олардың қатарында Абай облысының тұрғыны TikTok-та ұлттық белгілер бойынша бейәдеп сөздер айтылған видео таратқан, Қызылорда облысының тұрғыны көпшілік алдында діни алауыздықты қоздырған. Олардың барлығы ұсталып, сот үкімімен жазаланды.

Сондай-ақ министрлік өкілдері жалған ақпаратты таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікпен қатар әкімшілік жауапкершілік те бар екенін ескертеді.

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы бойынша алты айда 38 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мысалы Атырау облысында азамат дамба қирады деген жалған видеоны жариялаған; Петропавлда белсенді түрмедегі сотталғандар туралы жалған ақпарат таратқан. Олардың барлығы бірнеше тәулікке әкімшілік қамауға алынды. ІІМ заңды бұзатын кез келген жазба, видео құқықтық жауапкершілікке әкелетінін ескертеді.

"Барша азаматтарды заң талаптарын сақтауға және ақпарат таратуда мұқият болуға шақырамыз. Әрбір хабарлама шынайы, араздыққа шақырмайтын және қоғамдық тәртіпті бұзбайтын болуға тиіс. Қоғамдағы бейбітшілік, тұрақтылық пен сенімді тек ортақ құқықтық мәдениет және бір-бірімізге деген құрметті сақтау арқылы қамтамасыз ете аламыз", – деді ведомство өкілдері.

Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз

Social Link

Follow Me On Social Media